Банк картасыҚаржылық қауіпсіздік
Trending

Балалар банк картасына ие болсын!

Құрметті ата-аналар, үйдегі балаларға (әсіресе, студенттерге) мына жағдайды мұқият ескертіп қойыңыздар.

Ел ішінде өзінің банк картасын «жалдап» қоятын жастар көбейіпті. Жеңіл ақшаның буына мастанған балалар оның салдары болатынын, кейін қылмыстық жауапқа тартылатынын біле бермейді. Бала түгілі үлкендердің өзі де білмеуі мүмкін.

Оны ДРОППЕР дейді. Ол жайында каналда бұған дейін де жазылды. Міндетті түрде оқып шығыңыз — https://t.me/qarzhylyq_sauat/686.

Алаяқтар ондай қызметті интернетте, мессенджерлерде ұсынады. Ондай қылмыс қалай жасалады?

Интернеттен хабарлама көресіз. Онда банк картасы бар адамдарды жақсы ақыға «жұмысқа» шақырады. «Жұмыс берушіге» карта деректеріңді бересің, ол өзгелердің сыртынан кредит рәсімдеп алған ақшаларын сенің шотың арқылы айналдырады. Сол қызметіңе жақсы процент уәде етуі мүмкін.

Былай қарасаң, оп-оңай, қиналмайтын, тез ақша әкелетін жұмыс. Жастар жағы осыған тез алданып қалып жатыр. Бірақ транзакцияда «із» қалатынын ескеру керек. Күні ертең алаяқтық жолмен біреудің атына алынған кредит сіздің (немесе баланың) банктік шотыңыз арқылы шешілген/аударылған болса, кінәлі — шот иесі боп шыға келеді.

Сол кезде сот сізді кінәлі етіп, шығынды мойныңызға іледі. Осындай жағдай қазірдің өзінде болып жатыр. ҚР Жоғарғы соты 19 жастағы екі дроппер-студенттің атына шағым түскенін растап отыр.

Істі Қостанай облысының Қарабалық аудандық соты қарап жатыр екен. Арыз иесі олардың әрқайсысынан 9 млн теңгеден астам соманы өндіріп беруін сұраған. Студенттердің екеуі де 9 млн теңгеден астам ақшаның барлығын алаяқ көрсеткен есепшоттарға аударған. Енді шот иесі ретінде екеуі жауапқа тартылып отыр.

Бұл кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай екенін ұғуымыз керек. Осы жағдайды үйдегі балаларға қатаң ескертіп, ұлды да, қызды да оңай табыс табудан аулақ жүруге үгіттеңіз. Банктік картамызға ие болайық, халайық!

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button