10 сотық жер алуға кезекке тұрдыңыз ба?
Әрбір Қазақстан азаматы 10 сотық жер алуға құқылы. Бұдан хабардар боларсыз? Бірақ кей адамдар «кезекке тұрып қою керек еді» деп жүре беруі мүмкін. Оған салғырт қарамау керек.

Ешқайда бармайсыз. Egov.kz порталы ол процесті жеңілдетіп қойғанына да бірнеше жыл болды. ЭЦҚ болса — жеткілікті. Ал, жерге өтініш жазу үшін әкімдіктің табалдырығын тозыру — бұрынғының талабы. Қазір олай жүрмейсіз.
Әрине, әр өтінішке шетінен жер беріп жатқан мемлекет жоқ, бірақ бар мүмкіндікті қазірден пайдаланып отырған дұрыс болады деп санаймыз. Мысалы, балаларымыздың атынан өтініш беріп қоюға не кедергі? Ерте болсын, кеш болсын, әйтеуір ол жерге иелік ететін күн де келер? Осыны есіңізге тағы бір салып қояйық деп шештік.
Инструкциясы былай:
– www.egov.kz сайтына кіреміз
– ЭЦҚ арқылы авторизация жасаймыз
– «Жылжымайтын мүлік» бөліміне өтеміз
– Сол жақ бағаннан «Жер қатынастары» таңдаймыз
– Оң жақтан мына жазуды тауып аламыз: «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру»
– «Онлайн сұрау» тетігін басамыз
– Өтініш түрін таңдаймыз. Үш түрі болады:
1. Кезекке қою
2. Бұрын берілген өтініштердің деректерін өзектендіру
3. Кезектен шығару
10 сотық жерге өтініш беру үшін «Кезекке қою» нұсқасын таңдаймыз. Сол кезде сайт республика бойынша таңдауға мүмкіндік ұсынады.
Бірден айтып қояйық, Астана мен Алматы қалаларынан жер алуға мүмкіндік жоқ. Олардың бірін таңдасаңыз да, сізге мынадай ескерту шығады:
«Құрметті көрсетілетін қызметті алушы, бос аумақтардың болмауына байланысты (бекітілген Бас жоспарға сәйкес), осы өңірде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға арнайы есепке алудың (кезек) жүргізілмейтінін хабарлаймыз»
Сондықтан, басқа облыстардан таңдау жасауға тура келеді. Ол тізбек былай:
облыс ➡️ аудан ➡️ ауылдық ➡️ округ ➡️ ауыл
Мекенді таңдайсыз да, «Мен бұрын жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін жер участкісің алмағанымды растаймын» деген жерге белгі қойып, өтінішіңізді жолдайсыз. Бір жақсысы, кез келген уақытта онлайн тексеруге болады.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ