Үй сатып аларда иесінің қарызы мойныңызда қалып қоймасын
Krisha.kz порталы осыған қатысты пайдалы мақала жариялаған екен, өте керек дүние болғандықтан, орыс тілінде жарық көрген материалды өз оқырманымызға тәпсірлеп берейік деп шештік.

Мысалы, сіз пәтер сатып алдыңыз делік. Үйіңізді жөндеп қойдыңыз. Кенет жарық өшіп қалады. Ал, үйдің пошта жәшігінде қарыз туралы хат пайда болады. Бұл не сонда? Сөйтсе, бұрынғы меншік иесінің қарызы қалып қойған. Енді оны сіз төлеуіңіз керек. Міне, «осындай жағдайға тап болмау үшін не істеу керек?» деген сұрақтың жауабын білу маңызды. Сол үшін үй сатып аларда мәміле (сделка) жасамас бұрын не нәрсеге назар аудару керектігін айтып көрейік.
1. Коммуналдық қызмет бойынша қарыздарды тексереміз
Тексеретініміз: электр қуаты, су, жылу, газ, қоқыс шығару бойынша төлемдер. Бұның бәрі коммуналдық түбіртекте көрсетіледі.
Қалай және қайдан тексереміз: ең қарапайым жолы — түбіртектерді түгендеп алу. Бірақ ол аздық етуі мүмкін. Қарыз қалмағанына әбден сенімді болу үшін қызмет көрсетуші/жеткізуші компанияларға қоңырау шалуға/баруға болады. Сұрауға болады. Ол үшін пәтердің жеке шот нөмірін білу қажет.
Мұндай тексеріс не береді: егер пәтер атында қарыз қалған болса, оны сатушымен келісіп шешуге болады. Не ол оны өтеп береді, не үй бағасын өтерде шегеріп қаласыз.
Сосын салқын/ыстық су, электр қуаты есептегіштерінде тұрған сандық көрсеткіштерді түбіртектегі деректермен салыстыру маңызды. Есептік құрылғыдағы мәлімет пен қағаздағы мәлімет сәйкесуі керек.
2. КСК/басқарушы компания қызметіне қарыз бар ма — тексереміз
Әрине, ҚР заңнамасына сәйкес, үйді күтіп-ұстауға қатысты қарыздар жаңа меншік иесіне өтпейді. Бірақ сонда да пікір қайшылығынан/дау-жанжалдан аулақ болған дұрыс. Сол кезде КСК немесе басқарушы компаниямен арада келіспеушілік болмайды.
Ең оңай жолы: Тікелей КСК/ОСИ немесе басқарушы компанияға барасыз да, сатушының өтелмеген міндеттемелері бар-жоғын білесіз.
3. Салық қарыздарын тексереміз
Яғни, мүлік салығы төленген бе? Бұл да маңызды. Сосын салық мына объектілерге салынатынын біліп жүріңіз: көп қабатты үй пәтеріне, жер үйге, саяжайға, ғимаратқа, гаражға, автотұрақ орнына, жер учаскесіне.
Әдетте, салық жылына бір рет, шілде айында есептеледі. Төлем 1 қазанға дейін жасалып болуы керек.
Тексеру жолы: ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында (kgd.gov.kz) «Электрондық сервистер» бөліміне өтесіз де, сатушының ЖСН/ИИН енгізесіз.
Салықты ұдайы тексеріп тұру сатушы үшін де маңызды. Өйткені өтелу керек салық бұрынғы меншік иесіне тиесілі болса да, егер ол уақытында төленбесе, арты өсімпұлға алып келеді. Тіпті, Қазақстаннан шығуға тыйым салынуы да мүмкін.
Сатып алушыға арналған чек-лист
✅ Ерінбей, бәрін өзіңіз тексеріп шығыңыз. Сатушы кей дүниелерді жасырып қалуы мүмкін, қателесуі де мүмкін.
✅ Коммуналдық төлем түбіртектерін талап етіңіз.
✅ Қызмет көрсетуші компаниямен, КСК және салық қызметімен байланысыңыз.
✅ Сатып алу-сату шартында сатушы мәмілеге (сделкаға) дейін барлық қарызды өтеуі міндетті деп көрсетіңіз.
✅ Егер сатушы бас тартатын болса — үйді саудаласқанда жеңілдік жасау жағын келісіп көріңіз.
Осылай ғана біз өзімізді түрлі тәуекелдерден қорғай аламыз. Сақтықта қорлық жоқ деген сол ғой. Өзгенің қарызымен алысып қалғанша, оның алдын алған әлдеқайда жақсы. Жүйке тыныш, қалтаң түгел.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ