ЖаңалықКредитҚарыз

Микроқаржы ұйымы жабылған жағдайда клиент қарызын қайтаруға міндетті ме?

1. Микроқаржы ұйымы деген не?
2. Оның банктен қандай айырмашылығы бар?
3. Микроқаржы ұйымын қалай таңдау керек?
4. 2024 жылы қанша микроқаржы ұйымы жабылды?

1. Микроқаржы ұйымы (МҚҰ) — аты айтып тұрғандай, өз клиентіне микрозайм ұсынатын мекеме. Бірақ банктік мекемеге жатпайды. Рас, арнайы лицензиямен жұмыс істейді. Оны беретін де, қажет болса лицензиясынан айыратын да — ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік).

2. Банктен айырмашылығы — қарыз беру тәсіліндегі жеңілдік болар. Бұған дейін МҚҰ-лар өз клиентіне банк қоятын талапты жеңіл ұсынатын. Көп құжат сұратпай, мақұлдау шешімін ұзартпай, ақша беру процесін тез орындай қоятын.

Әрине, қазір цифрланған заманда банктер де бұл процестің денін жеңілдетіп қойды. Займ алудағы барлық шаруаны қаржы ұйымдарының мобильді қосымшасы арқылы оңай тындыра бересің. Бірақ, не дегенмен, МҚҰ-ға қарағанда банктің тексеру процедурасы қаталдау.

Аяқ астынан ақша іздеген адам банктің талабына шыдай бермейді. Сол үшін осы ұйымдардан ақша ала салғанды құп көреді. Бірақ МҚҰ-ның ең қатал тұсы (бәлкім, минусы) — проценті тым жоғары.

3. МҚҰ-ны қалай таңдау керек — қандай да бір МҚҰ-дан қарыз алмас бұрын оның лицензиясы бар-жоғын тексеріп алған дұрыс. Өйткені бұл салада да алаяқтар кезігуі мүмкін. Яғни, нарықтан төмен процент ұсынатын беймәлім ұйымдарға құжат ұсына берудің қажеті жоқ деген сөз. МҚҰ-ның лицензиясын (бар ма, біржола тоқтатылды ма, уақытша тоқтатылды ма) Агенттіктің ресми сайтынан білуге болады.

4. МҚҰ жабылған жағдайда клиент қарызын қайтаруға міндетті ме — міндетті.

@qarzhylyq_sauat бұл сұрақты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдаған еді. Бізге жолдаған жауабында Агенттік оны былай түсіндірген:

«Азаматтық кодекстің 722-бабының 1-тармағында қарыз алушы шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарыз нысанасын қайтаруға міндетті екендігі белгіленген. Осылайша, қарыз алушы азаматтық заңнамаға сәйкес қарыз нысанасын және оны пайдаланғаны үшін сыйақыны қайтару бойынша шарттық міндеттемелерді толық орындауға міндетті.»

Яғни, МҚҰ лицензиясынан айырылып, қызметін тоқтатқан күнде де кезінде ол ұйымнан қарыз алып, екіжақты шарт жасасқан клиент негізгі займды да, оған қосылатын проценттік үстемені де қосып қайтаруға міндетті болады.

Агенттік берген ақпарат бойынша, 2024 жылы Қазақстанда 17 микроқаржы ұйымы лицензиясын өз еркімен қайтарған. Ал 12 МҚҰ лицензиясынан мәжбүрлі түрде айырылды.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 216 микроқаржы ұйымы ресми жұмыс істеп тұр.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button