Депозит

Отбасы банк депозитті мерзімінен бұрын жапқан жағдайда комиссия ұстай ма?

@QsauatBot-қа (Telegram-каналымызда) осы жөнінде сауал түскен. Онда оқырман былай деп жазды:

«Отбасы банктегі жинағымның шетінен 900 мың теңге ақша шешіп алдым. Сол ақшаның үстінен банк 120 мың теңге ұстап қалды. Енді жинағымды түгел шешіп алсам, банктің өз пайызын ұстап қалуы дұрыс па?»

«Қаржылық сауат» осы мәселені алға тартып, банкке хат жазған-ды. Банк біздің сауалды жауапсыз қалдырған жоқ. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін біз арқылы клиенттің жеке деректерін сұратқаны да рас. Бірақ диалог кезінде бізге хат жазған оқырман банкке өзі жолығатынын айтты.

Әрине, оған толық қақы бар және банк ресми жауабында да былай деді: «Бұл жағдайды егжей-тегжейлі қарастыру үшін Банк клиентке жақын жердегі бөлімшеге жүгініп, жеке кеңес алуға кеңес береді.»

Сонымен, басты сұраққа келейік. Біз Отбасы банкіндегі депозитімізді уақытынан бұрын жауып, ақшамызды шешіп алатын болсақ, банк комиссия ұстап қалуы мүмкін бе? Ұстаса, депозиттегі жалпы соманың қанша процентін ұстайды?

Ресми жауаптан ұққанымыз: бұл банкте депозиттің ең аз қолданылу мерзімі — 3 жыл. Егер банк салымшысы, яғни сіз бен біз өз депозитімізді мерзімінен бұрын жабатын болсақ, Банк комиссия алуы мүмкін.

Банкте тарифтер мен комиссиялық алымдардың мөлшерін реттейтін құжат бар екен. Соған сәйкес, депозиттегі қаражат мерзімінен бұрын шешілген жағдайда банк комиссиясы алынатын соманың 1%-ын құрайды деп жазылған бізге берілген жауапта. Ұсталатын комиссияның ең аз сомасы — 5 000 теңге.

Егер депозиттегі қаражатты сақтау мерзімі күнтізбелік 30 күннен асса, комиссия белгіленген 5 000 теңгесін ұстайды. Ал, салым күнтізбелік 30 күннен аз сақталған жағдайда комиссия соманың 1%-ын алып қалады.

Енді бізге хат жазған жоғарыдағы клиенттің жағдайымен айтсақ, оның сақтау мерзімі күнтізбелік 30 күннен аз болса және шоттан 900 000 теңге алынса, ұсталатын комиссияның мөлшері 9 000 теңгеден аспауы керек.

Ал, егер жинақ мерзімі 3 жылдан аз болса, яғни банк пен клиент арасында жасалған шарт мерзімінен бұрын бұзылатын болса, онда депозитке қосылған мемлекеттің сыйлықақысы ұсталып қалады. Ол ақша кері республикалық бюджетке қайтарылады делінген ресми жауапта.

Жалпы, банк клиенті ретінде біз өз жинақ ақшамызды кез келген уақытта шешіп ала аламыз. Ол үшін, әрине, банкке алдын ала шартты бұзуға өтініш береміз. Банк өз кезегінде сол өтініш түскен бойда күнтізбелік 7 (жеті) күннен кешіктірмей депозиттегі ақшамызды қолымызға беруге міндетті.

Ол үшін клиенттің банк алдындағы несиесі (бар болса) жабылуы керек және шотқа заң бойынша тыйым салынбаған болуы шарт.

Банк ұстайтын комиссия — айыппұл емес, ол банк көрсеткен қызметке ғана алынған алым деп түсінерсіз.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button