Елде немесе әлемдік экономикада не болып жатқанын білетін адам қаржылай сауатты болады
Экономист әрі макроталдаушы Аякөз Ханетті сөзге тартқанбыз. Экономика саласы тіл таңдай ма деген сұрақтан бастап алаяқтарға қалай жем болмау керек дегенге дейінгі мәселенің басын шалып үлгеріппіз. Аякөз замандасымыз – зерттеуші маман. Академиялық білім алған сауатты экономист. «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» оқырманына ой саларлық пікірін ықшамдап беріп отырмыз.

Базалық ставка неге әсер етеді?
Азаматтар екінші деңгейлі банктерге депозитке ақшасын салады немесе олардан несие алады. Ұлттық банк базалық ставкаға қатысты шешім қабылдаған кезде банктердің бір-бірінен қанша пайызбен қарыз алып, қанша пайызбен қарыз беретіні белгілі болады. Базалық ставка – Ұлттық банк белгілейтін меже. Сол меженің айналасында бір-біріне қарыз беріп, қарыз алады.
Базалық ставканың көтерілгені – қандай «сигнал»?
Базалық ставка көтерілген кезде нарықта ақша құны артады деген сөз. Яғни, ақша қымбаттайды. Несие қымбаттайды. Бірақ, сол шешім қабылданып болғаннан кейін депозитке ақша салатын ойыңыз болса, депозиттердің де пайызы көтерілетінін білу керек.
Демек, базалық ставка көтерілген кезде – ақшаңызды мүмкіндігінше жинақтай тұрыңыз, жұмсамай, қоя тұрыңыз деген сөз. Ал, керісінше, базалық ставка төмендеген кезде – ақшаны қазір жұмсасаңыз, инвестицияласаңыз немесе бизнесіңізді, кәсібіңізді кеңейтем десеңіз – несие алуға болады деген сигнал. Осы белгілерді адамдар дұрыс түсіне білуі керек.
Адамның кредиттік қарызы, яғни ай сайынғы төлемі табысының 20-40 пайызынан аспаған дұрыс. Ол межеден асып кететін болса, адам мойнындағы қарыз жүктемесі артып, ертеңгі күні дефолтқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан несиеге жүгінетін кезде осының бәрін есепке алған жөн.
Жалпы, қысқамерзімді мақсаттардан гөрі өзіңе шынымен қажет дүниеге және ұзақмерзімді мақсаттарға арналған несиелерді алған тиімді. Тұтынушы (потребительский) несиенің көбейіп жатқаны – негізі, барлық елде болып жатқан құбылыс.
Бірақ, тек біздің елге ғана тән құбылыстар да бар. Мысалы, біз тойға несие аламыз. Я болмаса, студенттің, табысы аз немесе табысы жоқ адамдардың өте қымбат гаджеттерді сатып алуға, өте қымбат бренд киімдерді алуға бейім болуы.
Қазір адамдарға әлеуметтік желі қатты әсер етіп жатыр. Олар ол жақтан әдемі өмірді көреді, жылтыраған суреттерді көреді. Соған қарай ұмтылады. Сосын технология қарқын алып дамығасын, несие алу да, бөліп төлеу де оңай болып кетті.
Карточкамен алып жатқасын, ақшаны қолмен санап бермегесін тегін бірдеңе алып жатқандай көрінеді. Мысалы, 6 айға бөліп төлейтін кезде бірінші айы аз болып көрінеді де, төлейтінім аз ғана ақша екен ғой дейсің. Көңілің алданады. Бірақ сен оны ай сайын төлеп отырғанда, кейін ауыртпалығын сезіне бастайсың. Осының бәрін саналы түрде жасау керек.
Кредиттік «бум»
Кредиттік «бум» – бүкіл әлемде белең алған оқиға. Иә, кредиттік «бум» болды. Тәуекелдер дұрыс басқарылмады. Бірақ бұл бәрібір жеке адамдардың жауапкершілігі болып қала береді. Оған қоса, институционалдық жауапкершілік те бар. Қаржы саласын құрап отырған ұйымдардың да, мемлекеттік органдардың да өз жауапкершілігі бар. Олар да дер кезінде қауіп-қатердің алдын алу шараларын жүргізіп отыруы керек.
Негізі, халықтың жағдайы жақсы болса, кредитке ұрына бермейді ғой. Демек, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру керек.
Керемет бір деректі фильм бар. «Money for nothing» деген. Федералды Резерв Жүйенің (АҚШ орталық банкі – ҚС) 2007-2009 жылдары өз елін дағдарыстан қалай алып шыққаны, қандай шешімдер қабылдағаны туралы баяндалады. Сонда бір керемет сөз айтылады: «салауатты экономика өссе, адамдар табыс тауып, соны тұтынады, ал әлсіз экономика өссе, онда қарыз алып, соны тұтынады» дейді. Яғни біз экономиканың салауатты болуына қарай бағыт-бағдар алуымыз керек. Бірақ бұл екіжақты жұмыс болуы керек. Ол сіздің, менің, біз сияқты қарапайым жеке адамдардың, кәсіпорындардың және мемлекеттің институционалдық деңгейдегі жауапкершілігі болуы керек. Екі жақтан да жұмыс жүру керек.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы