Депозит
Trending

Балаға ақша берген дұрыс па: ғылым не дейді?

Өзін тәуелсіз қаржы кеңесшісі деп таныстыратын Аман Әлібаев өзінің телеграм-арнасында осы жайында ойымен бөлісіпті. Біздің де ойымызша, бұл тақырып өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әрине, бір жазбамен шектеліп қалу ойымызда жоқ. Сол үшін басқа қырынан ізденіп, психолог-мамандардың да позициясына үңіліп отырмыз.

Аман замандасымыз ақша – басқару құралы болғандықтан, онымен жұмыс істей білуді бала кезден үйренген дұрыс дейді. Енді сұрақ: жалпы, балаға ақша берген дұрыс па, бұрыс па? Қаржы кеңесшісі дұрыс, беріңіз дейді.

Уәжі былай: «Велосипедсіз оны теуіп үйрене алмайсың, сондықтан, ақшасыз да ақшаны басқару мүмкін емес»

Балаға стимул үшін ақша бермеу керек

Интернетте бұл жайында психологтардың пікірі көп кезігеді. Әдетте, біз не істейміз? Стимул болсын, жетістігін қайталай берсін, сабақта бестігі көп болсын деп балаға ақша ұстатып жатамыз. Солай ғой? Психологтардың пікірінше, бұл дұрыс емес. Баланы баға үшін, жеңісі үшін қаржылай марапаттама дейді олар.

Зерттелген екен, оның нәтижесі: «ақша – бала үшін жақсы стимул бола алмайды, керісінше, оның үлгеріміне кері әсер етеді». Тіпті, белгілі бір жетістігі үшін марапаттағыңыз кеп бара жатса, баланың арманындағы затты алып беріңіз. Тек ақшалай емес.

Сосын, жинаулы бөлме, жуулы ыдыс үшін де балаға ақы берген дұрыс емес дейді мамандар. Өйткені ол шаруаны ата-ана онсыз да күнде тегін істейді. Оны жақсы білетін бала ақшалай марапаттың мотивін, маңызын түсінбей кетеді. Қайта, керісінше, баланы үй шаруасына баулып, отбасының әр мүшесі оған үлес қосуға міндетті екенін түсіндіру керек.

Балаға ақшаны жәй беріп қана қоймай, жинауды үйрету керек

Аман Әлібаевтың жазбасына оралайын. Қаржы кеңесшісі де бір зерттеулерге сүйенеді. Бала кезінен ақша ұстап өскен балалар мен ата-анасы ақша бермей өскен жасөспірімдер арасында эксперимент жүргізілген екен. Зерттеу қорытындысы олардың қаржылық сауат тұрғысынан бір-бірінен еш айырмасы жоғын көрсетіпті.

Бұдан шығатын қорытынды: балаға ақшаны жәй беріп қана қоймай, жұмсай білуді, жоспарлауды, жинауды үйрету керек. Қаржы кеңесшісі балалардың шығынын әр категорияға бөліп үйретіңіз дейді. Қажет болса, лимит қойып, қаржылық мақсатын тиянақтап, қалай жинауға болатынын айтып бағыт-бағдар беріп отырған дұрыс екен.

Баламен келісе отырып, оның қалта шығындары үшін ақша беретін уақытты белгілеп алуға кеңес береді замандасымыз. Бала сізден қай күні қанша ақша алатынын білуі керек. Мысалы, аптаның бір күнін белгілеп, нақты соманы кейінге қалдырмай сол күні бөліп отырсаңыз, бала сол ақшаны келесі аптаға дейін жоспарлап жұмсап үйренуі керек. Жеткізе білуі керек.

Баламен міндетті түрде қалтасына берген ақша туралы сөйлесіңіз, не алғысы келеді, қайда жұмсағысы келеді, мақсаты дұрыс па – бұрыс жері болса, айтып, түсіндіріп, оң бағытқа сілтеп жібергеннің айыбы жоқ. Үлкенмен әңгіме тұрақты болса, баланың да үйренері көп болмақ.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Басқа материалдар

Back to top button