БиржаИнвестиция
Trending

Биржа туралы 7 миф

Биржа – базар дедік бұған дейінгі жазбамызда. Базар бар жерде сауда бар. Сауда бар жерде не болады? Әрине, күдік болады, «риск» болады, түрлі аңызға бергісіз пайымдар болады. Кең таралған мифтерге тоқталып көрейік. Стереотиптерді бұзуға бола ма екен, жоқ па – оны өзіңіз екшеп аларсыз.

1. Биржаға көп ақша керек пе?

Көпшілікті қызықтыратын сауал. Білетіндер көп керегі жоқ дейді. Тіпті биржа алаңына енді келген «сары ауыз балапанға» қомақты қаржымен жұмыс істеуге мүлдем болмайды. Үлкен саудаға бірден лап берсеңіз, жоғалтатыныңыз да соншалық көп болуы әбден мүмкін. Осындай тәуекелдерді ескере білетін брокерлер де ақылға қонымды сомаға шот ашар еді.

Биржаға қарай бет алуға кімнің мүмкіндігі бар? Егер банк депозитіне ақша сала алатын адам болсаңыз, демек сіздің де бағалы қағаздарды сатып алуға шамаңыз жеткілікті деген сөз.

Кәсіби мамандар (теңгеге айналдырып сөйлесек) сауданы 150-200 мың теңгеге парапар капиталмен бастап көруге кеңес береді. Бірақ бір ғана активпен шектеліп қалмау керек. Яғни өзіңіздің инвест-портфеліңізде бірнеше акция болғаны маңызды. Бұл – сіздің бірінші қадамыңыз болады.

2. Биржада сауда жасау – казино ойнағанмен тең бе?

Көп адам биржадағы акциялардың мың құбылып тұратын құнына қарап, онда салған инвестицияны азарттық ойынға салғанмен бірдей деп пайымдайды екен. Сайып келгенде, мүлдем олай емес.

Әрине, өте қысқа мерзім ішінде акциялардың құны жөнсіз құбылуы мүмкін. Ал, егер келешек тұрғысынан алып қарасақ – мысалы, 1 жылдан басталатын кезеңде – бизнесін жақсы жолға қойып алған компанияның акциялары өнепейім минусқа кете береді деген сөз емес. Тіпті, нарықта кездесіп тұратын «шок» оқиғалар кей жағдайда котировкаларды теңселтіп жіберсе де, бағалы қағаздар шығаратын эмитенттер өсімге шығуға жол табады.

Жалпы, нарықтағы компаниялардың акция динамикасы қалай қалыптасатынын көп жағдайда алдын ала болжап білуге болады. Әрине, ол үшін сол компанияны мұқият зерделеу керек. Оның бизнесі неден тұрады, бизнес-моделі қандай – бәрін білуің шарт.

Демек, биржаны азарттық ойынмен салыстыруға келмейді деген сөз. Өйткені казино алаңында жағдайды бір мезеттік «удача» шешіп кетеді. Лотерея. Қолың шықса – ұттың, шықпаса – ұтылдың.

Ал, биржада бағалы қағаз сатып алғаның – бірден ұтылғаның емес. Себебі сен нарықта жұмыс істеп тұрған компанияның бағалы қағаздарын алып тұрсың. Компанияның әйтеуір табысқа шығатын кезі болады. Демек, ерте ме, кеш пе, инвестор да онымен бірге кірістің дәмін тата алады деген сөз. Жоқ дегенде дивиденд түрінде бірдеңе бұйырады. Айтпақшы, бұл жерде инвестор деген – Сіз.🙂

3. Биржада сауда жасау қиын емес пе?

Мынадай пікір бар екен: «Биржада сауда жасау үшін брокерлік компаниямен келісімшарт жасассаң – сол жеткілікті, алға! Саудаңды жасай бер!» Техникалық тұрғыда дұрыс шығар, бірақ практикада бұндай қарым-қатынас қауіпті.

Биржа базарына асқан жауапкершілікпен келу керек екен. Қор нарығының техникалық жағына ие болсам болды деп бір жақты ойлау – аздық етеді. Сәл де болса экономикаға қызығушылығың болуы керек. Нарықты шолып, көзің түскен компанияны жақсылап зерттеуің керек, оның жағдайынан, экономикалық әлеуетінен хабарың болу керек, қаржылық есептері болады, олармен танысу шарт. Демек, инвесторға, яғни Сізге аздап болса да миды қозғап, «баспен» жұмыс істеуге тура келеді.

Брокерлік компаниямен келісімшарт жасассаңыз да, биржада қандай да бір операция жүргізуге өзіңіз шешім қабылдайсыз. Ондайда базалық білім болмаса немесе инвестор менмендікпен өзіне «көп» алып қоятын болса, арты шығынға ұласып кетуі ғажап емес. Ол кезде ақшадан да айырылады.

Сондықтан, алғашқы уақыттарда консультанттың көмегі керек болады. Оны әдетте брокерлік компаниялар да ұсынады. Әрине, оның қызметіне қосымша қаржы жұмсауға тура келер, бірақ білместікпен бар ақшадан айырылып қалғаннан – ақшасына болса да білмегеніңді сұрап алған әлдеқайда тиімді.😉

Жалғасы бар…

Материалды дайындау кезінде РБК мәліметтері пайдаланылды

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Басқа материалдар

Back to top button