Дроппер болып ақша табудан сақ болайық!
Бұны, әсіресе, балаларға (жасөспірімге, студентке) айтып қою керек. Өйткені олар да – банктік картаның иесі.
Дроппер деген кім?
Дроппер – алаяқ пен оның құрбаны арасындағы делдал. Яғни, алаяқтың «көмекшісі» деген сөз. Әдетте, алаяқтар дроппердің «қызметін» өзінің ізін жасыру үшін пайдаланады. Алаяққа дроппердің банктік картасы болса жеткілікті. Тіпті, жоқ болса да жақсы табыс көзін уәде етіп, ашқызады.
Келісім бойынша: дроппер карта ашып, электронды ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып береді немесе карта ашып өзінің онлайн-банкіне (банктің мобильді қосымшасындағы аккаунтына) саналы түрде «доступ» беріп қояды. Алаяқ оның сыртынан түрлі операциялар жүргізеді, дроппер шотын пайдалануға бергені үшін одан өз үлесін алады.
Сөйтіп, алаяқ басқа адамдардан (онлайн) ұрлап алған ақшасын дроппердің картасына жібереді, дроппер оны банкоматтан басқа адамға шешіп береді немесе алаяқ ұсынған басқа шотқа аударады. Сол «қызметіне» өз процентін алады. Ал, алаяқ банктік операция бірнеше адамның қатысуымен өткесін көлеңкеде қалып қояды.
Осындай схемаға келіскен (табыс тапқысы келген) адам – дроппер болуға саналы түрде өз «аяғымен барды» деген сөз. Бұл – бірінші жолы. Оның екінші жолы да бар. Өкінішке қарай, ол кезде адам өзінің дроппер болғанын білмей қалуы мүмкін.
Қалай дейсіз ғой? Ойда жоқта сіздің картаңызға ақша түседі. Сосын алаяқ жәй адам болып сізге қоңырау шалып, «қателесіп» жіберген ақшаны қайта жіберуді сұрайды. Сол кезде алаяқ жіберген банк реквизиттеріне ақша жіберсеңіз, сіз автоматты түрде дроппер болып шығасыз. Өйткені алаяқ басқа адамнан ұрлап алған ақшасын сіздің шотыңыз арқылы жүргізді деген сөз. Қандай жағдай болмасын, екі жолда да дроппер болған адам заң алдында жауапсыз қалмайды…
Алаяқтар дропперді қайдан іздейді?
Әрине, интернеттен. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен электрондық пошта нағыз алаяқтарға ыңғайлы алаң. Олар дроппер болуға үндейтін керемет ұсыныстар жібереді: құжат жинап сандалмайсың, еңбек өтілің талап етілмейді, жұмыс форматы – «удаленный режим».
Дропперге қойылатын жалғыз талап – банк картасының болуы.
Өзімізді және жақындарымызды дропперліктен қорғау үшін:
бейтаныс адамға банк картасының деректерін немесе банктің мобильді қосымшасына «доступ» бермейміз
егер бейтаныс адамнан ақша түссе, қате операция туралы банктің өзіне қоңырау шалып ескертеміз
аса көп тани қоймайтын адамның өтінішімен басқа шотқа ақша аудармаймыз
жақындарымызға, әсіресе, балаларға/студенттерге дропперлік қызметке қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз
банк картасын ұстайтын адам (бала болсын, ересек болсын) кез келген банктік операцияға жауапты болатынын естен шығармаймыз.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы