Кредит

Кредит: банк клиенттен таныс екі адамының байланыс деректерін не үшін талап етеді?

Олар да қарызды қайтаруға міндеттеле ме?

Мұндай практика барын білетін боларсыз. Айталық, клиент банкке немесе микроқаржы ұйымына тұтынушылық кредит алуға келді. Я болмаса, дүкеннен бөліп төлеу (рассрочка) арқылы техника сатып алғысы келеді. Банк өкілі сол қарызды ресімдеген кезде ол кісіден екі жақын адамының байланыс деректерін беруді сұрайды.

Бірақ олар ресми «созаемщик» немесе «гарант» емес. Олар қағаз жүзінде ешқандай құжатқа қол қоймайды. Тек банк талап еткесін қарыз алушы клиент жақынының немесе досының нөмірін береді. Сонда ол талап не үшін? Клиент алған қарызын күні ертең өтей алмай жатса, банк өз базасына тіркеп қойған сол екі адамды не үшін іздейді? Олар да сол қарызды қайтаруға міндетті бола ма? Заң не дейді?

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-арнасы осы сауалдарды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдаған болатын. Агенттік көп кешіктірмей, жауабын берді. Бұл мәлімет банктен қарыз алушыға да, оның екі танысына да керек деп ойлаймын. Қайсысының орнында болсаңыз да біліп жүргеніңіз абзал.

Қарыз иесі кредитін төлей алмаса, оның берешегін қосымша көрсетілген екі адам өтеуге міндетті ме?

Агенттіктің жауабынан түсінгеніміз мынау: Қарызды ресімдеу кезінде кредит беретін ұйым байланыс үшін екі адамның деректерін сұрата алады. Ол – келешекте қарыз алушымен байланыс орнату үшін және кредиттік шартқа сәйкес клиент қаржы ұйымы алдындағы өз міндеттерін орындамағанда және байланыссыз қалған жағдайда оның орналасқан жерін анықтау үшін. Бірақ, кредит шарты бойынша бекітілген міндеттеме қарызды ресімдеу кезінде байланыс үшін көрсетілген екі адамға жүктелмейді.

Түйін: екі адам ол қарызды өтеуге міндетті емес.

Кредит өтелмесе, екі адамның шоты қоса бұғаттала ма? Олардың да кредит тарихы бұзыла ма?

Агенттік жауабы: Кредиттік қарыз өтелмеген жағдайда, бұғаттау және басқа да тыйымдар – байланыс орнататын адамдарға қолданылмайды. Кепілдік беруші және кепілгер болып саналмайтын (сырттай) байланыстағы екі адам кредитор үшін жауапты болмайды.

Түйін: екі адамның шоты бұғатталмайды, кредит тарихы бұзылмайды. Мұнда банк алдында жауапкершілікті арқалайтын кредитордың, яғни қарыз алған адамның өзі.

P.S. Ертеректе «қазақпайшылыққа» салып, «сенің нөміріңді бердім, банктен хабарласса – танысым деп айта салшы» дейтінбіз көбіміз. Ол адам келісе ме, келіспей ме, онда аса шаруамыз жоқ. Ол танысы «иә» дей салады. Сосын кейін банктен алынған қарыз уақытында жабылмай, қарыз иесі табылмай жатса, телефонына тыным жоқ. Өйткені «қасымда жүрген жақыным» деп танысы өзін банкке «тапсырып» кеткен. Екі ортада – дау, айқай-шу, түсініспеушілік. Таныс/туыстардың ортасына сызат түседі. Осындай жағдайды бастан кешкен (қазір кешіп жатқан) адам біз қойған сауал туралы ойланып көрген болар, «осы кредиттің кесірінен шотым бұғатталып қалмаса болар, кредит тарихым бұзылмаса екен» деп уайымдаған шығар.

Міне, тамыр, енді ол үшін уайымдамасаңыз болады. Бар жауапкершілік те, ұят та – қарыз иесінің өзінде.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Басқа материалдар

Back to top button