Тойға кредит беруге тыйым салу керек пе?
Өткен жылы Қазақстанда тойға кредит беруге тыйым салу мәселесі көтерілген еді. Банк тарапынан позиция бар. Журналистер көтерген мәселе біздің қоғам үшін маңызды ма? Қаншалықты? «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы ел ішінде болып жатқан оқиғаларға сергек қарайтын, әлеуметтік желілерде ойын бүкпей айтатын, университетте дәріс берген, салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршіліктен хабары бар, заманауи ойлайтын тарихшы Айшуақ Дәрменұлын сөзге тартты. Айтары бар екен.
Той – қай халықта да бар. Бетімізді ашып алайық, дәстүрге сіңген той-салтанатты қазақтан айырып алайын деп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, проблема бар. Проблема – қып-қызыл шығында. Қаржылық сауат тұрғысынан алып қарасақ, Сіз де, біз де той үшін шашылуға дайынбыз. Ал, осы дұрыс па?
Бала – үйленем, қыз – тұрмыс құрам десе, ішер асымызды жерге қоя, өре түргелетін елміз. Бәрімізді «баламның бір тойын жасап бере алмасам, жұрт не дейді» деген намыс қайрайды. Сол «намыстың» күшімен эмоцияға ерік беріп, банктен қалай шыққанымызды білмей қалып жатамыз. Ол кезде банктің кредит үстіне қосып беретін пайызы маңызды емес. Маңыздысы – банк берген ақшаның қолға тигені. Кімнен жасырамыз, көпшілік үшін қарызды еңсеру, қалай қайтарам деп ойлану – тойдан кейінгі шаруа. Тарихшы Айшуақ Дәрменұлы той үшін қарызға белшеден батып, өзіңе салмақ салу – жастарға да, отбасыға да обал дейді.
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы:
Осыдан 10-15 жыл бұрын әрбір аялдамада миллион теңгені 5 минутта таратып бере қоятын қызметтер болған. 28% жылдық өсіммен. Мысалы, сіз 1 млн теңге аласыз, оны 3-3,5 млн қылып қайтарасыз. Өте сұмдық нәрсе. Бұл қазақ баяғыда айтып кеткен «отауын сайламай, басқасын сайлады» деп. Сондықтан, қаржылық сауат мәселесі тұрғысынан қарасаңыз, бұл өте тиімсіз дүние. Бауыржан Момышұлының баласы айтқан бір сөз бар еді «тұрмыс есіктен қарағанда, махаббат терезеден секіріп кетті ме, қалқам?» дейтін. Сондай бір тұрмыстың қыспағына ұшырап, ажырасып кеткен отбасыға айтқан әңгімесі еді. Сондықтан, бұл күлкі қылатын нәрсе емес. Асықпай ойланатын дүние.
Сөйтіп, журналистер көтерген бастама билік үйлерінің дәлізінде айтыла бастады. Бізде халыққа кредит ұсынатын кім? Екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдары. Олардың үстінен қадағалайтын реттеуші орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл тұрғыда не ойлайды? Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Сенат кулуарында журналистердің сұрағына былай деп жауап берген еді:
«Біз несиенің қандай да бір түрін беруге тыйым сала алмаймыз. Заң бойынша несиелеудің нақты түрлерін шектеуге құқығымыз жоқ. Бұл – банктің ішкі саясаты және оған араласуға біздің құқығымыз жоқ».
Цитата аяқталады. Демек, қаржы ұйымдары, банктер тойға кредит беруге тыйым салуға әзір дайын емес. Ал, тілшілер қауымы көтерген мәселе сарапшымыздың ойынан шыққан тәрізді.
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы:
Журналистер де бірдеңені біліп айтады. Елдің жағдайын күнде көзбен көріп, құлақпен естіп жүр. Тойға шығын шығаруға шектеу қою немесе тыйым салу мәселесі – бұл проблеманың бергі жағы. Мұзтаудың төбесі дейміз бе… Ал, енді, оны тереңірек ойлап қарасаңыз, мүмкін, кейбір адамдар маусымдық жұмысын істейтін шығар, күздегі егіннің түсімінен үміт етіп отырған болар немесе бір жақтан кіретін табыс көзіне сеніп, кредит алатын шығар. Бірақ, жоспарсыз кредит алып той жасау, оңды-солды шашу – бұл дарақылық және жалған намыс. Енді әркімнің өз басы бар ғой. Қазір біреуге ақыл айтсаң, «ауырып қалатын» заман. Кейбір жағдайларды көріп жүрміз. Ұлан-асыр той жасайды, бір ай, екі айға жетпей, жастардың арасына жік түсіп жатады. Ол өте ауыр көрініс. Артында миллиондаған қарызы қалады, ортаға түскен шаңырақ қалады…
Шындап келгенде, банктен қарыз алушы кредит рәсімдеу кезінде ол ақшаны қайда жарататынын айтпауға қақы бар. Айтса да, ол жеке тұлға мен банктің құпиясы саналады. Сондықтан болар, тілшілер қауымының бастамасы әзірге жоғары жақтан қолдау таппай тұр.
Жалпы, «банк», «кредит» деген ұғымдардан зұлымдық іздеудің қажеті жоқ. Бұл тек Қазақстанда ғана ойлап табылған «тұзақ» емес, өркениетті елдерде де бар дүние. Тек кредиттің бағасын білу маңызды. Әңгіме оның пайызына келіп тіреледі. Әр елде ол әртүрлі. Рас, бізде оның мөлшері көп. Бірақ оның да экономикалық тұрғыда өз себебі бар. Кредитті тек сауатты қолдана білу керек. Мәселе – сонда. Сарапшымыздың көрпемізге қарай көсілейік деп отырғаны да сол.
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы:
Байлар шаша берсін! Бірақ, байға ерем деп байғұстың таңы айырылып жатса, бұл да жақсы емес. Егер балалар үйленгеннен кейін отауы әзір болса, жасайтын қызметі дұрыс болса, ертең, бұйырса, өмірге келетін сәбилердің несібесі түгел болса, онда тойын жасай берсін. Оңды-солды шашсын. Әркімнің өз еркі. Ешкім қолын қақпайды. Бірақ, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырып, «қайыршыға жел де қарсы» деп өмірдің кез келген қысымына, тағдырдың кез келген шабуылына төтеп бере алмай, қалт-құлт етіп отырған адамдар байларға еріп, оңды-солды шашылып, өмір бойы қарыздың қамытын киіп жүрсе, ол қаншалықты дұрыс болар еді? Әңгіме осы туралы ғой?..
Сөзінің жаны бар. Айтпақшы, сөзге шешен Айшуақ Дәрменұлының асабалық қабілеті де, тәжірибесі де зор. Талай тойдың шымылдығын ашып, елдің бел ортасында болған азамат. Тойға шашылған біздің қазақ қандай қателік жібереді деп сұрағанымызда былай кесті:
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы:
Ең үлкен өткізген тойларымның бірі – 650 адам қатысқан той болды. Қаладағы ең үлкен мейрамхана кәдімгідей лық толды. Сонда әкесінің әріптестері дегенде 70 адам шықты. Сол әкесінің әріптестері үйленіп жатқан баланы танымайды. Тек әкесін біледі. Келіп жатқан құдаларды танымайды. Ол жастардың тіпті аты-жөнін білмейді. Арада бір ай өткенде емес, тіпті, ертеңіне сол балалардың атын ұмытып қалады. Мысалы, қараңыз, әкесі жұмыста беделді шығар, жақсы қызметкер шығар, бірақ өзінің отбасына қатысы жоқ сол әріптестерін түгел шақыру міндет пе? Сол жағын ойланайықшы.
Тойдың шығыны адам санына да байланысты екені рас. Оны қазіргі жастар түсініп келе жатыр дейді.
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы:
Қазіргі қазақтың жап-жас қыздары мен жігіттерінің көзқарасына, өмірге деген ұстанымына таң қалатын кездер өте көп. Шетелде оқысын, Қазақстанда оқысын, алыс-жақынды көріп жүрген жастар бар. «Әке, ана, мынадай үлкен тойдың қажеті жоқ. Біз оның орнына әлемді айналып қыдырып қайтайық. Оданда ақшамызды ертеңгі бизнесімізге салайық. Өзіміздің ең жақын достарымыздың арасында ғана атап өтейік» деп әке-шешесінің 500 адам шақырам дегеніне қарсы болып, өздері кішкентай ғана той жасап жүрген отбасыларды білем. Миллиондап шығын шығаратын нәрсенің бәрін қысқартып тастайды. Әп-әдемі, құрқылтайдың ұясындай шап-шағын мейрамхананы немесе қала сыртындағы кафені таңдайды. Сосын 30-40 адамның басын қосып, есте қаларлық кеш жасайды. Адамдар бұған да тез үйренеді. Жақсы әдет те жұқпалы. Сондықтан, бұны да жарнамалай беру керек.
«Қашан өмір сүріп үйренеміз, той тойлап, шашылып, тойға алған кредитпен алысып жүре береміз бе?» деген сауалға Дәрменұлының дайын жауабы да бар болып шықты.
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы:
Мысалы, еврей халқында мынадай қағида бар: кез келген қарапайым еврей зейнетке шыққанда оның жоқ дегенде бір дәріханасы, шаштаразы, дүкені болуы керек. Және оның үшеуінде де ол жұмыс істемейді, үшеуін де жалға беріп қояды. Тірі адам бар жерде шашын алдырады, адам бар жерде ауру-сырқау болады, адам бар жерде күнделікті ішіп-жемін, тағамын, азық-түлігін алады. Көрдіңіз бе, олардың бәрі – адам бар жерде тоқтамайтын бизнес. Күнделікті қажет, күнделікті керек нәрселер. Үйренеріміз бар. Ал, қаланың жағдайында бір жалақыға қарап отырған тіптен қиын. Көрпеңе қарай көсіл дегенді көп адам түсінбейді. Қаржылық сауат мәселесі де талай айтылып жүр ғой. Сондықтан, тойды кредитке жасап, оңды-солды шашуды қойған дұрыс болар-ау.
Бұл тақырып бойынша шешім қабылдауды әр азаматтың өзіне қалдырдық. Тойдан шаршасақ та, шашылмайық!
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы