Миллионерге $5000 не үшін керек болды?
Нью-Йорк. Миллионер банкке келеді. Менеджердің алдына барып жайғасып: «Екі аптаға еуропаға барып келуім үшін қарызға $5000 керек» дейді.
Әлбетте, банк қызметкері оған кредит алу үшін кепіл керек екенін айтады. Сол кезде әлгі бай өзі мініп келген, банк алдында тұрған су жаңа ферраридің кілтін ұсынады. Банк инспекторы көліктің құжаттарын тексеріп, кепіл орнына алып қалуға келіседі.
Миллионер мақсатына жетеді. Банк кредит рәсімдеп, клиентіне сәттілік тілеп шығарып салады. Көлікті алып қалған банк қызметкерлері $5000 кредит үшін $250 000 тұратын көлікті банкке кепілге қойып кеткен азаматтың бұл қылығына жатып кеп күледі.
Сөйтіп, феррариді банктің жерасты гаражына кіргізіп қояды. Арада екі апта уақыт өтеді. Миллионер жігіт еуропадан келген бойда банктен алған $5000 кредитін $15,41 процентімен қосып жабады.
Банктік операция аяқталған кезде менеджер шыдай алмай сұрайды: «Сэр, әрине, осы банкті таңдап, бізбен мәміле /сделка/ жасасқаныңызға разымыз, рахмет! Бірақ бір нәрсеге миымыз жетпей тұр. Сіз кеткен соң тексергенімізде көзіміз жетіп жатыр, миллионер екенсіз ғой? Осынша байлыққа иелік ете тұрып, бізден $5000 ақшаны қарызға алғаныңызды қалай түсінсек болады?»
Сондағы миллионердің жауабы дейді: «Нью-Йорктің басқа қай жерінде мен қымбат көлігімді $15,41-ға екі аптаға тастап кете алам?»
Мораль: Байлар бай боп қала береді. Өйткені олар жәй адамдарға қарағанда өз ақшасын қалай басқару керек екенін жақсы біледі. «Шіріген» бай болса да, оларға әрбір тиын маңызды. Бұдан шығатын түйін: әр тиыныңа ие бол, ақша – тиыннан құралады.
P.S. Интернетте кезіккен ақпарат қой. Қазақшалап бергім келді. Әрине, бұл жәй ғана ойдан құралған «ертегі» де болуы мүмкін. Бірақ бұл оқиға желісінен бай адамдардың ойлау қабілетіне үңіліп көруге болады. Миллиондарын өз еңбегімен тапқан адамдар өзгелерге қарағанда бәрібір де басқаша ойлап тұрады. Байларша ойлап үйренейік, әр тиынымызға ие болайық деп жатырмын.
Тұздыққа: 2000-жылдардың басында үлкен медиа-холдингте жұмыс істегенім бар. Жекеменшіктегі компания ғой. Иесі еврей болатын. Әйел адам. Өте бай. Қалада (астанада емес) үлкен бизнестері, бірнеше рестораны болды. Кейде шопырын темекіге жұмсайды екен. Ол кезде сауда қолма-қол ақшамен жүреді. Сонда ол темекіден қайтқан «сдачаны» (тиындарды) міндетті түрде алып алатын көрінеді. Шопырының өз аузынан естіген әңгімем. Байлар да «жадный» екен деп күлетін. Түптеп келгенде, ол күлетін нәрсе емес екен…
#ОйСалар
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы