Нотариус қызметін онлайн алуға болатынын көп адам білмейтін сияқты. Оны @arshatgo телеграм-арнасының авторы Аршат Ораздың жазбасына жұрт білдірген реакциядан байқадым.
Үйге жақындау бір нотариусты тауып барсақ, 2 сағатсыз босамаймын дейді. Содан есіме түсіп кетті, еговта онлайн нотариус болу керегі. Іздеп қарасам, бар екен. Егов мобайл арқылы кіріп, Enotary деген жерінен шаруамызды 5 минутта істеп алдық
– деп жазады автор.
Аршат Ораз мүмкіндікті дұрыс пайдалана білген және оны оқырманына дер кезінде бөлісе алғаны да құптарлық іс.
Сонымен, онлайн-нотариус қалай жұмыс істейді?
Жалпы, смартфон ұстайтын кез келген адам телефонына eGovMobile қосымшасын жүктеп, тіркеліп қойғаны жөн. Ойламаған жерден пайдасын көріп қалуың ғажап емес. Негізі, қызметтің бұл түрі былтырдан бар.
Әдетте, жұрт нотариусқа сенімхат рәсімдеу үшін жүгінеді. Енді уақыт құртып нотариус іздеп бармай, кезек күтпей оны тұрған жеріңізде онлайн рәсімдей аласыз. Телефондағы келесі қадамыңыз былай:
🔹 eGovMobile қосымшасын ашасыз;
🔹 «Сервистер» қызметінен «Enotary» сервисін таңдайсыз;
🔹 деректерді толтырасыз;
🔹 «Қызметке онлайн тапсырыс беру» қажет;
🔹 биометрия бойынша қызметке қол қоясыз;
🔹 нотариуспен бейне-байланысқа шығу үшін (камераға) рұқсат бересіз;
🔹 «Бейне қоңырауға өту» түймесін басып, нотариустан жауап күтесіз.
Яғни, сол мезетте бос отырған нотариустың бірі Сізбен видео арқылы онлайн-байланысқа шығады. Сіз нотариустан қандай құжат керек екенін айтасыз, қызмет көрсетуші тарап Kaspi қосымшасы арқылы төлем шотын ұсынады.
Ақысы төленген соң санаулы минуттардан кейін өзіңізге керек анықтама egov-тағы жеке кабинетіңізде жүктеп алу үшін PDF-форматта дайын тұрады.
Я болмаса, жаңа сенімхатты eGovMobile қосымшасында «Цифрлық құжаттар» сервисінен көре аласыз. Бары осы. Енді Сіз де білесіз.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»



