Қазақстанның классикалық банктерінде «ислам терезелері» пайда болуы мүмкін
«Елімізде шариғат қағидаттарымен жұмыс істейтін банктер неліктен отандық және шетелдік банктер секілді халыққа толыққанды кредит ұсына алмай отыр?» деген сауалымызға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) осылай деп жауап берді.
Агенттіктің «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-арнасына берген жауабында заңнамаға тиісті түзетулерден тұратын жоба әзірленіп жатқаны айтылған.
Ол жоба нақты қандай мүмкіндіктер ашады?
Түзетулер қабылданған жағдайда:
✅ классикалық банктер «ислам терезелері» арқылы исламдық қаржыландыруды жүзеге асыру мүмкіндігін айшықтап алады;
✅ «ислам терезесінің» көмегімен ислам банкін дәстүрлі банкке айналдыру (конвертациялау) мүмкіндігі айшықталады.
Яғни, «ислам терезесі» арқылы исламдық және стандартты қаржыландыру үлгісін біріктіру үшін қазір заңнамалық түзетулер қажет. Агенттік исламдық қаржыландырудың ерекшеліктерін ескере отырып, оны жан-жақты зерделеп жатыр. Себебі дәстүрлі банк пен ислам банкингін біріктіру үшін шариғат талаптары орындалатындай реттеушілік, аудиттік талаптар қайта қарастырылуы керек.
Жоғарыда айтылған түзетулер:
– ҚР заңнамалық актілеріне;
– Азаматтық кодекске;
– Банктер туралы;
– ҚР Азаматтық кодексін мемлекеттік реттеу туралы;
– «ҚР банктері және банк қызметі туралы» Заңға;
– «Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Ақпарат үшін жаза кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді.
1. «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ. Бұл банк Қазақстан пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметтері арасында жасалған Келісімге сай 2009 жылы құрылған.
2. «Заман Банк» Ислам банкі» АҚ. Бұрын «Заман Банк» АҚ-мы болған. Соны ерікті түрде қайта құру арқылы құрылған банк. Ислам банкінің және басқа да банктік операцияларды жүргізуге рұқсат беретін лицензияны 2017 жылы алған.
Біздің телеграм-каналға оқырман тарапынан «халал кредит», «халал табыс» секілді мәселелерге қатысты сұрақ жиі түседі. Қазақстан қанша жерден зайырлы мемлекет болғанымен, шариғат қағидаттарын ұстануға тырысатын кісі қарасы көп екенін мойындаймыз.
Осы ретте «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына «Қазақстандық банктер мен қаржы ұйымдары ұсынатын кредиттік өнімдерді Ислам діні «харам» деп бағалайтыны рас па?» деген сауал жолдаған еді.
«Қазақстандық банктер мен қаржы ұйымдары ұсынатын кредиттік өнімдер шариғатымызға сай келмейді. Белгілі сома ақша беріп, оны үстемемен қайтарып алу шариғатқа сай емес. Бірнеше ислам банктері бар. Әл-Һиләл, Заман банктері қаржыландыру орталықтары бар енді бастап жатқан. Діни басқарма дәстүрлі банктерден кредит алуға кеңес бермейді.»
Цитата аяқталады.
@qarzhylyq_sauat телеграм-арнасы қазақстандықтардың діни-наным сенімін құрметтейді, бірақ бұл жазба арқылы дінді насихаттаудан аулақ екенін мәлімдейді. Шешім қабылдау әркезде де азаматтың өз еркінде қалады. Ақпарат – бізден, шешім – Сізден.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»