🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ
7.1K subscribers
128 photos
25 videos
4 files
724 links
Қаржылық сауатымызды бірге жетілдірейік!

®️Кері байланысқа: @QSauatKZ_Bot

Сайт: www.qsauat.kz

📌 Пайдалы ақпараттар
📌 Сарапшылар пікірі
📌 Қаржыгерлер кеңесі
📌 Ресми статистика
📌 Сенімді дерек
📌 Сауалнама
Download Telegram
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына — ЖАҢА БАНКНОТА!

Ұлттық банк бүгін ерекше релиз таратты.

«Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық Банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр», - деп жазылған ресми ақпаратта.

Номиналы 1 000 теңгелік жаңа қағаз ақшалар 9 мамырда айналымға түседі. Олардың жалпы таралымы 5 миллион данамен шектелген.

Жаңа банкноталар өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Қоңырау шалған адам алаяқ емес екенін қалай білуге болады?

Оқырманымыздың бірі осындай сұрақ қойып отыр екен. «Админ бұл туралы не ойлайды?» деп бастырмалатып бара жатқан соң, бір пост арнай кетейін деп шештім. Өйткені пікір арасында жауап қатсам, көп адам білмей қалуы мүмкін.

Былай қарағанда, қазір көбіміз телефонмен мазалайтын алаяқтарды танып қалдық. Солай ғой? Өйткені олар тым көп мазалап кетті. «Эфирге» көп шығып кетті. Аферистермен әркім өзінше күресіп, өз бетінше тойтарыс беріп жүр. Әркімнің өз әдісі бары — бір жағынан жақсы құбылыс. Өйткені ел-жұрттың арасында тойтарыс беретіндей-ақ иммунитет қалыптасып қалды.

Дегенмен, кейбір «белгілерге» назар аударып, ескере жүргеннің есебі түгел болмақ. Сол жайттарға тоқталып көрейік.

Бейтаныс нөмір мен бейтаныс дауыс

Қазіргі алаяқтар тым «наглый». Байланысқа сырттан шығып отырса да, шетелдік нөмірмен емін-еркін қоңырау шала береді. Негізі, бұл — қоңырау шалушының алаяқ екенін аңғартатын басты белгінің бірі. Өзгеше бір нөмірден қоңырау түскенде абай болу керек.

Whatsapp арқылы да қоңырау шалушылар бар. Әдетте, мұндай қоңырауларды өзге мемлекеттермен іскерлік байланыс орнататын кісілер қабылдап қоюы мүмкін. Шаруа қамымен. Шама келсе, көтермеген жақсы. Сізде ісі бар адам телефон көтермесеңіз де, SMS жазып, жөнін айтады.

Қоңырау шалушының дауыс тембрі мен сөйлеу мәнері де маңызды рөл ойнайды. Өзге елдің адамы, әлбетте, акцентпен сөйлейді. Бәрібір дауысынан сырттың адамы екенін аңғару қиын емес. Айтқан сөзіне, тіліне мән беріп көрсеңіз — ұғасыз.

Қорқытады немесе тез шешім қабылдауға мәжбүрлейді

Мана сөз арасында алданбауға иммунитет қалыптасып қалды дедік қой. «Банк қызметкеріміз», «құқық қорғау органынан» деп мазалайтындарға сенбейтін шығарсыз ендігі? Бұл да айта-айта жауыр болған нәрсе.

Бірақ, аяқ асты түскен қоңырауларға, әсіресе, үлкен кісілер сеніп қалып жатады. «Шотыңыз бұғатталды», «қарызыңыз бар», «балаңыз апатқа түсті», «адам қағып кетті» деген хабар көп адамды есеңгіретіп тастайды. Сондайда «тез арада үйтіңіз/бүйтіңіз» деп ынтықтыратын адамдардың сөзіне мүлдем сенбеу керек.

Ондайда әңгімені доғарып, беріп тұрған хабарына қарай мекеме/ұйымның ресми байланыс орталықтарына шығып сұрау керек.

Жеке дерекке «қол сұғады»

Алаяқтықтың бұл түрі әлі де бар. Сол үшін сергек жүру керек. ЖСН, карта нөмірі, CVV-код, SMS-код сияқты мәліметтерді сұратқан адамның бәрі — алаяқ. Өйткені, ешбір банк немесе мемлекеттік орган телефон арқылы ондай мәліметті сұратпайды.

Сауалнама жүргізеді немесе «клиникаға тіркейді»

Бұл да жиі тарап кеткен алаяқтық әрекеттің бірі. Әрине, келіп тұрған қоңырауды қабылдамай, оның артында кім тұрғанын анықтап білу қиын (шетелдік нөмірді есепке алмағанда). Бір тараптан маңызды хабар күтсеңіз, ешбір қоңырауды жібермеуге тура келсе, жәй ғана тұтқаны көтеріп, сөйлесіп көруге тура келеді. Әрі қарай қырағылығыңызға қарай әрекет қыласыз. Осы уақыт бөліп айтқым келгені.

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Отбасында ақшаны кім басқарғаны дұрыс?

Сіздер мейрамнан кейін ес жиып, жұмыс істеп жатқанда жасанды интеллекттің «миын» осы сұрақпен «қатырып» қойдым. Бірақ, жауабы лезде дайын болды.

— Бұл сұрақтың нақты дұрыс жауабы жоқ! — деп кесті дейсің. Себебі әр отбасының ішкі жағдайы мен тәртібі әртүрлі дейді. Бірақ, жалпы алғанда, ақшаны кім басқарғаны дұрыс екенін төмендегі принциптерге сүйеніп шешуге болады деп «ақыл» айтты.

1-принцип: Қаржылық сауаты бар адам

Отбасылық бюджетті басқаруға кімде түсінік, тәртіп және жауапкершілік жоғары — сол «тізгінді алғаны» жөн. Ол адам есеп жүргізе алуы керек, үнемдеудің әдісін білуі керек, инвестицияның парқын түсінуі керек.

2-принцип: Ашықтық пен сенім

Ерлі-зайыпты үшін бұл өте маңызды. Үйде бюджетті бір адам басқарғанымен, ол отбасы мүшелерінен ешнәрсені жасырмауы керек. Яғни, ортақ бюджет, ертеңге жоспар, шығатын шығынның бәрі өмірлік сыңарына түсінікті болуы керек.

3-принцип: Ортақ шешім

Ірі көлемде сауда жасау, несие алу, инвестиция салу сияқты салмақты шешімдер — екі тараптың келісімімен болғаны дұрыс.

4-принцип: Рөлді бөлісу

Кей отбасыларда өзара келісім болады. Мысалы, әйелі күнделікті шығынды бақылайды, күйеуі ұзақмерзімді жоспарға жауапты болады. Түсінген адамға бұл да тиімді тәсіл.

5-принцип: Әйел не ер болсын, бастысы — әділетті болсын

Кейбір мәдениетте ақшаны ер адам басқаруы керек деген түсінік бар. Бірақ бұл ережеге байланудың қажеті жоқ. Кімде логика бар, салмақты ойлап, жауапкершілікке адал бола алса — ақшаны сол басқарсын.

Мен: Үйде ақшаны кім басқарса, билік сонда деген сөз бе?

ChatGPT: Жоқ, олай емес. Ақшаны басқару мен отбасы ішіндегі билік — екеуі бір ұғымға сыймайды. Бірақ арасы жақын.

Ақшаны басқару — жауапкершілік

Бұл — кім қанша табыс тапты, ортақ «қазынаның» ақшасы қайда жұмсалды, неге жетпей жатыр, қалай үнемдейміз деген мәселеге бас-көз болу. Яғни, бұл — адамның басқаға «үстемдік етуі» деген сөз емес. Бар болғаны — сенім артылған рөл.

Билік — біржақты шешім қабылдау

Егер үйде бір адам ақшаны пайдаланарда жұбайының пікірін ескермей шешім қабылдай берсе — онда ол билікке ұласуы мүмкін. Бірақ ол бюджетті дұрыс басқарып жатыр деген сөз емес, бар болғаны — бақылау.

 Дұрысы — өзара түсіністік және серіктестік

Екі адам да отбасында маңызды. Бірі қаржыны басқаруы мүмкін, екіншісі тәрбие, үй тірлігі, стратегиялық жоспармен айналысуы мүмкін. Мұның бәрі тең рөлдер. Ақша кімнің қолында болса да, шешім ортақ болуы керек.

Ал, сіздің үйде бұл мәселе қалай шешілген?

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Алимент алған бала(лар) өскенде қарт анасын немесе әкесін бағуға міндеттеле ме?

Осы жайында қызық бір әңгіме естігем. Ресми ажырасқан кейбір аналар балалардың әкесінен алимент алудан біржола бас тартады екен. Неге дейсіз ғой? Бүгін әкесінен алимент алып өскен бала ертеңгі күні қарттық жасқа жеткенде оны бағуға міндетті болады екен-міс. Яғни, бүгінгі кішкентай балалар ертең өскенде сол әкесін бағуға міндетті болмасын (бақпасын, асырамасын) деп қазірден «алдын алатын» көрінеді. Осы әңгімені естігенде кәдімгідей таң қалдым. Бұл қаншалықты рас? Шынымен де, бүгін алимент алған баланы болашақта осындай үлкен жауапкершілік күтіп тұр ма? Рас болса, көп адам ол жайында білмейді ғой деп @qarzhylyq_sauat телеграм-каналының атынан Әділет министрлігіне сауал жолдадық. Енді заң не дейді, соны бірге біліп көрейік.

Бір нәрсенің басын ашып алайық — алиментті тек әкелер ғана емес, аналар да төлейді. Оны реттейтін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс бар. Сол Кодекс аясында ерлі-зайыптының некесіне нүкте қоятын сот кәмелетке толмаған баланы кімнің тәрбиесінде қалдырса, екінші тарап соған алимент төлеуге міндетті. Яғни, алимент — баланың құқығы болса, ал оны төлеу — ата-ананың тікелей міндеті. Бұл жерде адам жынысы маңызды емес.

Енді басты сауалымызға келейік.

Бізге ресми түрде жауап жолдаған Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті ҚР заңнамасында ата-ананың бірінен алимент алып өскен бала(лар) болашақта қарттық жасқа келген әкесін немесе шешесін бағуға міндеттелуі туралы нақты көзделмегенін айтады.

Сондықтан, алимент төлеу туралы келісімді орындаудан біржақты бас тартуға немесе оның шарттарын біржақты өзгертуге тыйым салынады.

Бірақ, Кодекстің 145-бабының 1-және 5-тармақтарына сәйкес, еңбекке жарамды кәмелетке толған бала(лар) көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз өзінің ата-анасын күтіп-бағуға және оларға қамқор болуға міндетті.

Ал, егер Сот бұрын әке-шеше балалары алдындағы ата-аналық міндетін орындаудан жалтарғанын анықтайтын болса, ол кезде балалар — көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын күтіп-бағуға қатысты міндеттерінен босатылуы мүмкін.

Яғни, балалар ата-ана құқығынан айырылған әке-шешесіне алимент төлеуден босатылады. Бірақ, бұл нормада: ата-ананың материалдық жағдайына қарамастан, егер олар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж болса, кәмелетке толған балалары әке-шешесін асырауға міндетті деп көрсетілген.

💬 P.S. «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-каналы сауалымызды жауапсыз қалдырмағаны үшін Әділет министрлгінің жауапты Комитетіне алғыс білдіреді. Әдетте, заң-зәкүн тілі (аударма болғандықтан) шұбатылған, түсініксіз сөздермен «өрілетін». Бірақ бізге жауап дайындаған Комитет нақты сауалымызға түсінікті тілде дәл әрі сауатты жауап бере білгеніне ішіміз жылып қалды. Респект!

Ал, құрметті оқырман, біз көтерген осы мәселеге қатысты қандай да бір құқықтық консультация алғыңыз келсе, 119 нөмірі бойынша Call-орталыққа жүгінуге болады.

Елімізде ажырасу тым көп дейді. Оны, өкінішке қарай, ресми статистика да растап жүр. Үй болған әр қазақ отбасының іргесі сөгілмегенін қалайсың. Өмірге келген әр бала ата-ананың көз алдында өскені жақсы ғой. Қаракөздеріміз мұңаймасын, мұңайтпаңыз, қадірлі ата-ана!

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Алаяқтар эмоциямен ойнайды

Неге адамдар пирамидалық ұйымдарға ұрыншақ келеді? Осы туралы ойланып көрдік пе? Бұл сауатсыздық па, ашкөздік пе? Бір ғана білімсіздік — жалғыз себеп болмаса керек. Оның астарында әлеуметтік, психологиялық себептер болатыны анық.

Әрине, белгілі бір деңгейде қаржылық білімнің болмауы — басты себеп. Өйткені қарапайым адамдар (ал, олар көп қой) инвестицияның не екенін, ол қалай табыс әкелетінін, «риск» деген ұғымдарды түсіне бермейді. Сөйте тұра «айына 30% табыс береміз» деген адамның сөзіне сене қалады.

Бір жағынан, тез байып кетуге деген құштарлық сезімі жан баласына сыни пайым жасауға, терең ойлауға мүмкіндік бермейді. Ал, классикалық алаяқтар адамның ашкөздігіне жұмыс істейді. Оларға да керегі — сол...

Қаржы пирамидасында ортаға табыс әкелетін ешқандай өнім болмайды. Тек қатарға жаңа қосылған қатысушылардың жарнасынан ғана «пайда» түседі. Ол «табыс» ретінде алдыңғы қатысушылардың еншісіне бұйырады. Сосын олар оны өз ортасында көрсетіп, жарнамалайды: «Міне, менің алғашқы табысым...» Оған еліктегендер тап сол жолмен жүріп, оңай ақшаға кенелгісі келеді.

Қаржы пирамидасы Қазақстанға қашан келді?

Жалпы, қаржы пирамидасы жауыннан кейін қаптайтын саңырауқұлақ секілді, дағдарыс кезеңінде, тұрмыс тауқыметі қысқан уақыттарда «жақсы жұмыс істейтін» сияқты.

Бізге де, яғни, тәуелсіз Қазақ еліне сол 90-жылдардың ортасында келгенін үлкендер жағы жақсы білуге тиіс. Ол кезде елдің экономикасы аяққа тұрмаған, инфляция шарықтаған шақ. Халықтың қаржылық сауаты екібастан жоқ.

Сондайда топ ете қалған алғашқы пирамиданың бірі — әйгілі Мавродидің «МММ»-і. Сергей Мавроди Ресей азаматы болатын. Пирамиданың алғашқы ұшқыны солтүстік көршімізде «тұтанып», кейін ТМД-ға тарап кетті. Оған жаппай қатысқан мыңдаған отандастарымыздың арасында үйін, көлігін сатып, ақша салғандар болды.

Интернеттегі өтірік байлық

Арада 30 жыл уақыт өтті. Пирамидалық ұйымдарға иммунитет қалыптасты деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, айта алмаймыз. Аферистік пиғылдың халық арасына тез «сіңіп» кетуіне интернеттегі жарнамалар да айтарлықтай ықпал етті.

Әсіресе, Instagram, TikTok сияқты платформаларда жалған «байлық образдары» көп адамның пиғылын «қоздыра» түсті. Саяхат, вилла, ақша. «Міне, мен осы компаниямен 3 айда байып шыға келдім» деп көрсетуге таптырмас құралға айналды. Тіпті, кейбір блогерлер жарнама жолында пирамидалық жобаларды мақтап жіберіп, ақыр соңында шатылып кетті.

Сондықтан, сақ болу керек. Қажылық мониторинг агенттігінің BAIQA, PIRAMIDA деп аталатын телеграм-боты бар — @BAIQApiramidaBOT. Ақша салуға шақырған кез келген компанияның сайт адресін, әлеуметтік желідегі парақшасын жазып, тексеріп алуға болады.

💬 P.S. Жұмыссыздық пен тұрмыс тауқыметі де кейде жұртты осындай ұйымдарға еріксіз итермелеп жіберуі мүмкін. Жан қысылғанда уәде бергіш компаниялар «құтқарушыдай» көрінетін болса керек. Пирамида деген сондай. Ол адамның психологиясына, сенімі мен үмітіне манипуляция жасайды. Яғни, алаяқтар біздің эмоциямызбен ойнайды, ал адам баласы ақылын емес, көбіне эмоциясын тыңдайды...

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Лотерея дегеннен шығады. Кезінде машина ұтып алған адаммын. Ол кезде, тіпті баламын.

90-жылдардың басы. Ол уақытта аудандар арасында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді екен. Әкем үйге 5 лотерея билетін алған. Сосын үйге келіп әр билетті атымызға жазады. Өзіне, анамызға және бізге — үш баласына.

Арада біршама күн өтеді, бірақ дәл жәрмеңке қарсаңында жұмыс бабымен облыс орталығына (қалаға) жолға шығып кетеді екен. Жәрмеңкеге қатыса алмайды.

Қаладан келе жатқанда жолда ауылдастары кезігеді. Ананы-мынаны айтып, жәрмеңкеде ұтысқа тігілген машинаның иесі анықталмай жатқанын хабарлайды ғой. Сонда әкемнің есіне үйдегі билеттер түспесі бар ма. Келіп қараса, менің атыма жазылған билеттен ұтыс шығыпты. Ол кезде көлік деген — роскошь. Жап-жасыл су жаңа Москвич-412! Әлі көз алдымда ғой, шіркін!

Сол сәттегі анау-мынау деталь есте жоқ, бірақ өзім мектеп бітіргенше әкем шаруаға мінгенін білем.

Жалпы, өзім өмірде жолы болғыш адаммын. Бірақ онымды “пұлдап”, ғайыптан келер байлыққа үміт артып көрмеппін.

Бүгін, Қайрат есімді азаматтың лотереядан 290 млн теңге ұтып алғанын жазушы қауым көп болды. Әрине, ол жаңалық біздің де көзге түскен. Бірақ, шынымды айтсам, каналдың ұстанымына сай сүйіншілеуге асықпадым.

Себебі, лотерея да — азарттық ойын. Қанша жерден заң аясында өткізілсе де, мұндай ойындарды өз каналымда насихаттағым келмейді. Пайдасынан зияны көп деп есептеймін. Адам бойында лудоманияны, ойынға тәуелділікті күшейтетін дүние деп білем. “Енді бір ойнасам — ұтам” дейтін алдамшы сезім көп адамды теріс жолға салып жіберуі мүмкін. Салып жіберді де…

Лотереяны көңіл көтеру үшін бір мезеттік “акция” түрінде ойнамаса, ізіне түсіп, байлық іздейтін жол емес. Ал, одан табыс көзін іздесең, мүлдем адасасың.

💬 P.S. Сіз, бәлкім, сенбессіз, бірақ осы каналға неше түрлі жарнамалық ұсыныс түскен. Кезінде казиносы да шықты, букмекері де шықты, ұтыс түрінде пәтер ойнататындар да шықты. Бірақ бағытымнан тайғым келмеді. Олардың ешбірін қабылдай алмадым. Позициямды түсіндіріп, мәдениетті түрде бас тарттым. Қалың оқырманды қаржылық тұрғыда сауатты болуға үндей отырып, олардың өнімін өзім жарналамап отырсам, осынша еңбектің не мәнісі қалар еді деймін ғой ішімнен. Еңбек зая кетпесін, сіз де жан-жағыңызға сыни пайыммен қарап, барынша ұтылмаудың, жем болмаудың қамын ойлап жүріңіз. Қазір ешкім ешкімді аямайтын заман. Ойланып, етек-жеңімізді жинап жүрейік😉

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Қандай депозиттер мемлекет кепілдігімен қорғалмайды?

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі — Қор) өте маңызды ақпарат жариялап отыр. Одан айналып өтіп кете алмадық. Өйткені бұл ақпаратты кез келген адам біліп жүруі керек.

Қай валютада, қанша сомада сақталған депозиттерді мемлекет қорғай алатынын біз бұған дейін де жазғанбыз. Оны мына жерден оқып алсаңыз болады — https://t.me/qarzhylyq_sauat/804

Ал, қазір қорғалмайтын депозит жайында айта отырайық.

Қор кепілдігімен қорғалмайтын көп қызметтің бірі — ислам банктеріндегі депозиттер. Ал, қалған қазақстандық банктер жеке тұлғалардың депозитіне міндетті кепілдік беру жүйесіне түгел қатысады.

Металдық шоттарға да кепілдік жоқ екен. Яғни, клиент алтын немесе күмісті аллокирленбеген (бөлінбеген) шотқа сатып ала отырып, ықтимал тәуекелдерді (рискті) өз жауапкершілігіне алады. Бұл енді жеке тұлғаларға қатысты жағдай.

Ал, заңды тұлғаларға келер болсақ, олардың банктік салымдары мен шоттағы ақшалары депозитке кепілдік беру жүйесімен қорғалмайды.

Бірақ, жеке кәсіпкерлер (ИП), жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар Қор тарапынан салымшы-жеке тұлғалармен бірдей дәрежеде қорғалған.

Банк ұяшықтарында да (сейфтерде) сақталатын ақша, алтын сияқты құнды заттар болады. Оларға да мемлекет кепілдік бермейтінін біле жүру керек. Яғни, егер банк банкрот болса, банк сейфінде сақтаулы тұрған заттарға Қор жауап бермейді.

Бірақ қорықудың қажеті жоқ. Сейфте қалған заттарға ешкім қол сұқпайды. Банк жабылса да, сол уақытта уақытша құрылған әкімшілік ол заттарды иесіне қайтарып беруге міндет алады.

Есте ұстайтын тағы бір жайт:

Еліміздегі ислам банкінен басқа банктің бәрі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне кіретінін жоғарыда айттық. Яғни, банкте жатқан ақшамыз белгілі бір мөлшерге дейін қорғалған.

Ол былай:

♦️ Егер ақшамыз теңгемен және жинақ салымында жатса — 20 миллион теңгеге дейін сақтандырылған;

♦️ Егер ақшамыз теңгемен, бірақ карточкада, ағымдағы шотта немесе жай депозитте болса — 10 миллион теңгеге дейін қорғалған;

♦️ Ал егер ақшамыз доллар, еуро сияқты шетел валютасында болса — 5 миллион теңгеге дейін ғана сақталады.

Мысалы, бір адам бір банкте:

🔸 жинақ депозитін ашса (теңгемен)
🔸 бір карточкасы болса
🔸 шетел валютасында бір шоты болса —

Осы үш есепшотпен бөлек-бөлек ақша сақтай алады деген сөз. Бірақ бәрін қосқанда жалпы сома 20 миллион теңгеден асатын болса, банк жабыла қалған күнде Қор ол соманы өтемейді.

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Enbek.kz: енді оқушылар да өз бетінше жұмыс іздей алады

Қазақстанда электрондық еңбек биржасы бар — enbek.kz. Бұрын бұл платформада ересектер жұмыс орындарын іздейтін. Енді оған оқушылар 14 жастан бастап тіркеле алатын болыпты.

Платформада «Менің жазғы демалысым» деген арнайы бөлім құрылған. Жазғы демалысында жұмыс істегісі келетін мектеп оқушысы сол жерде жеке кабинетін құрып, өзінің резюмесін жариялай алады. 16 жасқа дейінгі балалардың жеке кабинетін олардың заңды өкілдері (ата-аналар, қамқоршылар) басқаруға құқылы.

Айлық жалақы 90 000 теңгеден кем емес

Жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер биыл да қоғамдық пайдалы жұмыстарды ұйымдастыру ісін жалғастырады екен. Жазғы демалыс кезінде ол жұмыстарға жалпы білім беретін мектептердің жоғары класс оқушылары тартылады.

Оқушыларға арналған қоғамдық пайдалы еңбектің ерекшеліктері:

📍 жұмыс күні толық емес немесе икемді кесте бекітіледі;

📍 арнайы білімі жоқтар уақытша жұмысқа орналаса алады.

📍 айлық жалақы 24 АЕК-тен кем емес (2025 жылы — 94 368 теңге).


https://t.me/qarzhylyq_sauat
Әлемге өзгеріс әкелген мықтылардың бәрі қиындықтан қорықпаған

Әлемде небір мықтылар бар. Өмір жолын қарап отырсаң, көбі өз күнін әрең көрген. Біреуі оқуға түсе алмай, сергелдеңге түссе, енді бірі жұмыс таппай қиналады. Қанша есіктің табалдырығын аттаса да, жолы болмайды. Көше кезіп күн көргені қаншама. Бірақ, қай-қайсын да аяққа тұрғызған жалғыз қасиет — өз арманына деген адалдық. Әйгілі Илон Маск, Гарри Поттерді жазып шыққан Джоан Роулинг, қол-аяқсыз өмірге келген Ник Вуйчич, өз командасынан талай шеттетілген баскетболшы Майкл Джорданның өмір жолын оқып отырсаң, ақырғы жетістігіне риза боласың, сүйсінесің. Бұлардың бәрі — расында да әлемге өзгеріс әкелген мықтылар.

Илон Маск — 3 зымыран жарылды, үміт өше бастағанда 4-шісі ғарышқа жол ашты.

Бұл жігіт өзінің жеке ғарыш компаниясын ашқан адам. Адамзатты Марсқа жеткізем дейтін асыл арманы бар. Сол арқылы Жер иесін (бізді) көппланеталы тіршілік иесіне айналдырғысы келеді.

Компаниясының атауы — SpaceX. Ұшырған алғашқы 3 зымыраны сол сәтте күлге айналып кетті. Ақша бітеді. Компания жабылу алдында тұр. Сонда да алған бетінен қайтпаған Маск қанатын соңғы рет серпіп, төртінші зымыранын ұшырады. Сол қадамы оған ғарышқа жол ашты.

 Бұдан түйетініміз: Үміт үзбеу керек екен. Бәрі бітті деген жерде — нағыз өмір басталуы мүмкін.

Ник Вуйчич — рухың күшті болса ғана жеңіске жетеді екенсің.

Қол-аяқсыз өмірге келген адам. Бала күнінде өз-өзіне қол салмақ болады. Бірақ түбінде «Құдай мені босқа жаратқан жоқ» деген тоқтамға келеді. Бүгінде — әлемдік спикер. Ел аралап, мотивация береді. Қорында 70-тен астам ел бар. 4 баланың әкесі.

 Бұдан түйетініміз: Мүмкіндік — денеде емес, рухта екен.

Эд Ширан — гитара, көше, стадион.

Әлемдік жұлдыз болғанға дейін Эд үйсіз жүріп, достарында түнеп, көшеде ән айтқан. Ешбір студия өнеріне мойындамаған. Сосын ол өз әндерін YouTube пен концерттер арқылы таратқан. Ақыры оны Эминем мен Тейлор Свифт байқап қалып, бірге жұмыс істеуге шақырады. Бүгінде — әлемдегі ең табысты әншілердің бірі.

 Бұдан түйетініміз:  Өз өнеріңе бірінші болып өзің сен, қалғаны өз орнына келеді.

Майкл Джордан — баскетболдан қуылған бала.

Бала Майкл да өз ортасында көп «қуғын» көрген. «Сенен ештеңе шықпайды» деп мектеп командасынан талай шеттетілген. Бірақ, алған бетінен қайтпаған Майкл ерік-жігерін қайрап, күнде таңертең ерте тұрып, жаттығуын жалғастыра береді. Түбінде дегеніне жетіп, танымал баскетболшыға айналады. Қазір оны әлем NBA тарихындағы ең ұлы ойыншы деп таниды.

 Бұдан «өз бағытымызға сай» түйетініміз: Бір нарықтан шықтың ба, екіншісіне кір. Бастысы — «опыт». Орға жықпайды.

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Алаяқтық жолмен ресімделген кредиттер есептен шығарылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осылай деп отыр.

Дегенмен, осы санаттағы азаматтардың құқығын қорғау үшін заңнама мейілінше күшейтілген. Сондай жаңа ереженің бірі 2024 жылы 20 тамызда күшіне енді.

Соған сәйкес, енді кредиторлар алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер бойынша тергеу уақытында сыйақы (вознаграждения) есептемеуге және қарызды қайтаруға қатысты талап-арыз процесін тоқтатуға міндетті болады.

Сосын. Кредит клиенттің қатысуынсыз алаяқтық жолмен ресімделгені сот шешімімен анықталған жағдайда ғана және ол шешім заңды күшіне енгенде қарыз иесіне қойылатын талаптар тоқтатылады.

Онлайн-қарыз 24 сағаттан соң берілсін

Енді депутаттық корпус жаңа талаптарды енгізуге шақырып отыр екен. Алаяқтық фактілерді азайту үшін қосымша заңнамалық өзгерістер керек дейді.

Соның бірі — онлайн-қарызды рәсімдеу мәселесі. Яғни, қашықтан онлайн рәсімделетін қарыздарды клиент шотына сол бойы аудара салмай, 24 сағаттық «қызу басу» кезеңін енгізу керек дейді.

Сосын кредитті алғаш рәсімдеуші азамат қарызды өзі барып алуы керек. Онсыз кредиторлар клиенттің қарыз шартына қол қоймағаны маңызды. Бұл талапты банкке де, микроқаржы ұйымына да енгізу керек деп отыр бастама көтеруші тарап.

https://t.me/qarzhylyq_sauat
«1 миллиард долларға» пицца сатып алған адам туралы естуіңіз бар ма?

Оның аты-жөні — Ласло Ханец. Түп тамыры мажар (венгр) ұлтынан келеді. Қазір америкалық азамат. Кәсібі — программист.

Негізі, бұл жігіттің есімі түбі тарихта қалады-ау. Өйткені ол — әлемде биткоинмен сауда жасаған алғашқы адам.

2010 жыл. 22 мамыр. Ласло интернет-форумдардың бірінде биткоинға пицца сатып алғысы келетінін жазады.

«10 000 биткоин берем. Екі пицца алғым келеді. Үйге дейін жеткізіп берген адамға «ұстатам» деген сарында жазады ғой, әлгі жерде.

Джереми есімді интернет қолданушы оның сұрауын орындап, Ласлоның Флоридадағы үйіне Papa John's-тан екі пицца жеткізіп береді.

Сол кезде бұл биткоиндардың бағасы шамамен 41 АҚШ долларына тең екен.

Ал, қазір 10 000 биткоинның бағасы 1 миллиард доллардан асады!

Содан бері бұл күнді, яғни 22 мамырды кей жұрт Bitcoin Pizza Day — «Биткоин пицца күні» деп атайды екен.

Ласло пицца алумен ғана шектелмеген сияқты. Сол уақыттарда 100 000 биткоин тапқанын ашық дереккөздерден білуге болады. Соның жартысын пицца мен басқа да өзіне керек заттарға жұмсаған деседі. Әрине, бүгінгі «бағаммен» ол — қыруар ақша. Бірақ, кейіпкеріміз ол ісіне өкінбеймін дейтін көрінеді. Кім біліпті?!.

Курьер Джереми қазір қайда жүр екен, өзі?..

Ескерту: Бұл өмірде болған оқиға болғандықтан дәл осы күні жазылып отыр. Автор биткоинды жарнамалаудан аулақ. Бұған қатысты бұрынғы жазбаларымызды оқып көргіңіз келсе, сілтемесі мынау:

«Сіздер неге биткоин туралы жазбайсыздар?»https://t.me/qarzhylyq_sauat/576

Шариғат биткоинға тыйым сала ма?https://t.me/qarzhylyq_sauat/886

Иә, каналға жазылып алуды ұмытпаңыз👇

https://t.me/qarzhylyq_sauat
WhatsApp-та сурет қарау да қауіпті боп кетті

Стеганография деген ұғым бар. Ақпаратты жасырын жеткізетін ғылым түрі. Біз соның зиян жағын айтайық деп отырмыз.

Стеганографияның өзі әр форматта қолданыла береді екен:

📍 суреттегі стеганография;
📍 аудио, видео файлдағы стеганография;
📍 мәтіндік стеганография.


Ең кең тараған түрі — суреттегі стеганография. Суреттің өзі пиксельдерден тұрады емес пе? Ақпарат сол арқылы енгізіледі. Көзге көрінбейді. Соны алаяқтар өз пайдасына қолдана бастапты.

Сізге бейтаныс нөмірден сурет келді дейік. (Қазір кімнен не келмей жатыр өзі?!) Оны сосын кез келген адам ашып қарайды. Сурет болсын, видео болсын, аудио болсын — өзімізге келгенді ашып қарайтын әдетіміз бар ғой.

Ал, аферистер сол файлдар арқылы смартфонның өзіне зиян келтіретін арнайы код жібереді екен. Сондай файлдарды қаскөйлер WhatsApp, Telegram арқылы таратады.

Әрине, бір қарағанда, көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ оларды ашқан кезде құрылғыны (смартфонды) іштей бүлдіретін зиян кодтар орнатылып кетуі мүмкін. Сосын сол код арқылы алаяқтар телефонымызды сырттан басқарады (мобильді қосымшаларға кіріп, ақша ұрлайды деген сияқты).

Қауіпсіздік бойынша кеңес

Айта кетейік енді. Ең алдымен, сырттан келген файлдарға өте сақ болған дұрыс. Қазіргідей заманда бұндайдан 100% қорғану қиын, әрине. Бірақ, барынша соған ұмтылу керек. Дағдылану керек. Әдетке айналдыру керек.

Бейтаныс аккаунттан келген SMS-терге сақтықпен қарап үйренген жақсы. Шама келсе, файлдарды ашпауға тырысыңыз. Сілтемелер де жиі келеді. Одан да сақ болу керек. Әсіресе, тосыннан келген сілтемеге мүлдем өтпеген жақсы.

Өзіңіз білесіз, талай адам «танысының» «балама дауыс беріп жіберші» деген өтінішін жерге тастамай, сілтемеге өтіп, ақыр соңында WhatsApp-аккаунтынан айырылып қалды. Оған иелік еткен алаяқтар оның таныс/туыстарынан ақша сұрап, елден талай маза қашқан.

Смартфонға антивирус орнатып қойғанның артықтығы жоқ. Сосын оларды үнемі жаңартып отыру керек. Өйткені мобильді қосымшалардың жұмысы уақыт ағымына қарай пайда болатын қауіпке бейімделу үшін өнім шығарушы компания қауіпсіздік параметрлерін күшейтіп, жиі жаңартып тұрады.

Осылай, достар. Қолымыздан түспейтін телефон, байқамасақ, өзімізге зиян тигізуі мүмкін. Техника жақсы. Тек дұрыс қолдана білу керек.

Сіздерге деген жанашырлықпен,
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»

https://t.me/qarzhylyq_sauat
2 жылда — 7 000 оқырман!

Жаман нәтиже емес сияқты. Каналдың авторы ретінде мен үшін жаңа белес! Орта толтырып, білмекке ұмтылған ниетіңізге рахмет!

Бұл канал қалай өмірге келді?

Қаржы саласы — қазақ тілді аудиторияға, соның ішінде қарапайым халыққа алыс жатқан сала.

Төленбей жатқан кредиттер, борышкермен алысқан коллектор, еріксіз банкрот болып, мүлкінен айырылған жұрт, алаяқтарға алданып, қаржы пирамидаларына ақшасын салып жіберіп жатқан адамдар — осының бәрі халықтың қаржылық сауатының төмен екенін айшықтап берді.

Канал ашар кезде толқығаным рас. Алып кете алам ба? Пайдалы контентпен толтыра алам ба? Жұртқа іздегенін бере алам ба? Міне, осындай қарапайым сұрақтардың өзі біраз қыспаққа алғаны рас.

«Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген сөзді қазақ әдемі айтқан ғой. Бірнеше жыл БАҚ пен сайттарды шолып, дәл осы қаржы саласында түсінікті тілде ақпарат таратушы алаң жоқтың қасы екеніне көз жетіп, қолға алған ем. Канал, өзіңіз көріп отырсыз, аяққа тұрды да кетті. Қолдаған әріптестерге, дос-жаранға және оқырманның өзіне мың алғыс!

Алдағы уақытта не білгіңіз келеді, қай тақырыптарды ашуға тырысайын, қандай сұраққа жауап таппай жүрсіз — жазыңыз, ескерейін.

Авторға жазуға — қуат, оқырманға оқуға — ниет берсін!

Жаңа белесіміз құтты болсын!


Құрметпен,
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»

@qarzhylyq_sauat
Бір орында жұмыс істеу — ұят па, тұрақтылық па? Қайсысы маңызды?

Кешелі бері Тұрсын Алакөзовтің жомарттығын жазбаған адам кемде-кем. Кәсіпкер қарамағында ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан жұмысшыларын жинап, бір-бір үйдің кілтін ұстатқан ғой. Сөйтіп, ұжым арасында 100 пәтерді үлестіріп беріпті. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, оған Баян ханымның өмірлік жары 3 млрд теңгесін қия салған. Мәрттік деп осыны айт!

Бүгінгі тақырыпты қаузауға осы жағдай түрткі болғанын қайдан жасырайын.

«Зона комфорта»

Қазір заман өзгерді. Қоғамда, жалпы жержүзінде қозғалыс көп. Тыным таппаймыз. Осы бір жанталас көбіміздің санамызды сілкіп жіберді. Құндылықтар өзгеріп жатыр. Басқа басқа, бір орында тапжылмай жұмыс істейтін адамға «сен «зона комфортада» жүрсің, отырып қалмау керек, өзіңді қамшыла» деп ақыл айта бастаймыз. Рас қой? Тіпті, бір жерде 5-7 жыл жұмыс істесек, «қой, орын ауыстыру керек» деп қипақтай бастаймыз. Сонда, бір орында тапжылмай еңбек ету ұят болғаны ма?

Артықшылығы мен кемшілігі

Әрине, бұл — екіұшты көзқарасқа ие тақырып. Бір орында тапжылмау — ұят немесе тұрақтылық деп кесіп айту қиын. Дегенмен, салыстырмалы түрде кемшілігінен артықшылығы басым екені анық.

Біріншісінен бастасақ, бір ортаға ғана бейімделіп қалатын адам заман талап ететін жаңа дағдыларды меңгере алмауы мүмкін. Сосын еңбек нарығында «икемсіз екен», «өзгеріске дайын емес» деген көзқарас қалыптастырады.

Ал, енді тұрақтылықтың артық тұстарын саралап көрсек, ең алдымен ұжымда сенімге ие боласың, белгілі бір деңгейде бедел қалыптаса бастайды. Бір саланы ұзақ жыл терең меңгерген кадр кәсіби маманға айналып шыға келеді. Қызметте өсуге мүмкіндік артады. Ең ақыры, зейнетке шыққанша сол мекеменің «соцпакет» бойынша игілігін көріп, тұрақты бонустарың жинақ боп жинала береді.

Жаңа орта стресс тудыруы мүмкін

Жұмыс орнын жиі ауыстыратын да адамдар бар. Тіпті, көп болуы мүмкін. Оның да «плюс-минусын» жоққа шығара алмаймыз.

Артықшылығын теріп көрсек, ұдайы өзгеріп тұратын жаңа ұжым, жаңа сала — жан-жақты болуға, әр қырыңды ашуға, дамуға жақсы. Әртүрлі ортаға бейімделіп, әріптестердің тілін тауып, коммуникацияңды дамытасың. Қысқасы, жан-жақты маманға айналасың. Жұмысты жиі ауыстыру арқылы жақсы жалақыға кенелуің мүмкін.

Енді, әрине, бұның кемшін тұстары да менмұндалап тұр. «Көшіп-қонып» жүрген маманға аз уақытта бедел жинау қиын. Ол — бір. Екіншіден, көп адам жұмыс орнын жиі ауыстырып, жаңа ортаға бейімделе алмай жүреді. Ол да белгілі бір деңгейде — стресс.

Сосын жұмысты «қолғапша» ауыстыратын адамдар HR-мамандардың «сүзгісінен» өтпей қалуы мүмкін. Олар сіздің «жүріске» қарап, сенімсіз, тұрақсыз адам деп қабылдауы ғажап емес. Осындай қарапайым факторлар табысы жақсы компанияға апарар жолды кесіп жатса, көңілге сызат түсіреді.

Ойымызды түйсек: Мәселе — ұятта да, тұрақтылықта да емес — әр адамның өз алдына қойған мақсатында, таңдаған жолында тұр.

📍 Егер өзіңіз еңбек ететін мекемеде өсуге мүмкіндік бар болса, «соцпакеті» өзіңізге сай келсе, ортасы жақсы болса — бір орында ұзақ отырғанның еш айыбы жоқ.

📍 Егер жалақы төмен, өзіңіз де, жұмыс орныңыз да дамымаса, тұрмысыңызды түзей алмаса, өсуге мүмкіндік шектеулі екеніне көз жетсе — басқа жұмыс іздеген дұрыс.

P.S. Кешегі Тұрекеңнің мәрттігі, әрине, көп адамға (жұмыс берушіге) ой салса, игі. Маманның қадірін біліп, адал еңбегін бағалай алса, екі жақ та ұтылмасы анық. Бұл оқиғаны — «тұрақтылық жемісі» деп бәріңізді бір жерде тапжылмай жұмыс істеуге үндей алмаймын, әрине. Оның үстіне, елдің бәрін бірдей жарылқап жатқан ешкім жоқ. Бірақ, Тұрсын ағайдан да ауқатты кісілер/компаниялар жетіп артылады. Қатардағы жұмысшысының бәріне бірдей үй әпермесе де, айлық жалақысын реттеп, жеңілдігін қарастырып беріп отырса да көңілге медеу ғой. Ең бастысы, кім (қай мекеме) болса да кадрдың қадірін білсе болды. Ал, жұмыста тұрақтылықты ұнатасыз ба, әлде ұдайы қозғалыста жүргенді қалайсыз ба — оны өзіңіз шешесіз. Сүретін өміріңіз де, істейтін жұмысыңыз да — меншігіңіздегі дүние. Өзіңіз қожайын, өзіңіз би.

@qarzhylyq_sauat
«Халал» кредит: ережесі қандай және «ақшалай кредит» ұғымы қалай шешілген

Оқырманнан сауал түсті. Мазмұны былай: «Қазір елімізде халал кредит жоқтың қасы. Сол халал кредиттің үкімдері (ережесі) керек еді... Отбасы банк халал ипотека шығарады деп естідік, сол туралы да айтсаңыз.»

Бұл сұрақ көпшілікті қызықтыратынын аңғару қиын емес. Шариғат заңын мықтап ұстанатын отандастарымыздың ішінде классикалық кредитке мүлдем жоламайтындар кезігеді. Өйткені, олардың түсінігінде процент қосылған кредит — харам.

«Халал» кредиттің басты айырмашылығы да сонда — кредит пайызсыз беріледі. Бірақ, ол — алатын дүниеңе бір тиын артық ақша төлемейсің деген сөз емес. Яғни, «халал» кредиттің де өз ережесі, тәртібі бар. Соны қарапайым тілде жіктеп көрейік.

Иә, банк немесе шариғат заңымен кредит ұсынушы қаржы ұйымы қарызды үстінен пайыз қосып бермейді. Оның орнына былай жұмыс істейді:

Мысалы, «халал» кредитпен бір дүние алғымыз келді делік. Ол телефон бола ма, көлік не үй бола ма, банкке барып «мен осы дүниені алғым келеді» дейміз. Қаржы ұйымы сол затты өзі сатып алады. Сосын оны бізге үстеме бағамен сатады.

Мысалы, заттың нақты бағасы 1 000 000 теңге болса, саған оны 1 200 000 теңгеге сатады. Үстіне қосылған 200 000 — пайыз боп саналмайды, пайда деп есептеледі. Шариғат заңымен жұмыс істейтін банктердің көрсеткен қызметі үшін көретін пайдасы — сол.

Біз сол 1 200 000 теңгені бөліп-бөліп қайтарамыз. Яғни, ай сайын қанша төлейтінің алдын ала белгілі боп тұрады. Пайыз, өсім деген мүлдем жоқ. Тек бізге «сатылған» тауардың бағасы ғана бар.

Бұдан шығатын қорытынды: «халал» кредитте процент болмауы керек. Оны шариғат тілінде «риба» деп атайды. Алатын дүниең нақты зат/тауар болуы керек. Банктен ақшалай кредит ала алмайсың. Сосын екіжақты келісім ашық болуы керек. Жасырын айыппұлдар болмайды.

«Халал» кредит: сонда банк ақша бермей ме?

Бұл санаттағы банктер ақшалай қарыз бермейді. Өйткені ақша беріп, үстінен пайыз алу — харам. Әлбетте, шариғат бойынша оған тыйым салынған.

Бірақ! Ислам қаржысында «ақшаның орнын өтейтін» шешімдер бар. Қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін.

Мысалы, сізге үлкен техникаға алуға 5 млн теңге керек дейік. Классикалық («харам» саналатын) кредитке жолағыңыз келмесе, ислам қаржы ұйымына барып, «маған осы техниканы алу үшін 5 млн теңге керек» дейсіз.

Банк сол материалды өзі сатып алып, сізге өз пайдасын қосып, «сатады». Бұл жерде «халал» кредитті таңдаған клиент ақшаны көрмейді, бірақ көкейіндегі қалаған затына иелік ете алады.

Көрдіңіз бе, ақша мәселесі қаржы құралын тауарға айналдырып беру арқылы шешілген. Яғни, ақша қолға берілмейді. Себебі қолма-қол ақша беріп, қайтарып алуға шариғатта рұқсат жоқ.

P.S. Қазақстанның классикалық банктерінде де «ислам терезелері» пайда болуы мүмкін. Ол жайында бұған дейін де жаздық. Сол сияқты, Отбасы банктің Қазақстанда ислам қаржы индустриясын дамыту туралы келіссөздерді бастап кеткенін де жаздық. Авторды қуантатыны, соңғы күндері каналға көп оқырман қосылып жатыр. Көпшілікке сол материалдарға сілтеме ұсына кетейін деп шештім.

Қазақстанның классикалық банктерінде «ислам терезелері» пайда болуы мүмкінhttps://t.me/qarzhylyq_sauat/659

«Халал» үй алатын күн де алыс емес»https://t.me/qarzhylyq_sauat/775

Ислам банкінің дәстүрлі банктен айырмашылығы неде?https://t.me/qarzhylyq_sauat/462

Оқыңыз, біліңіз, ақпаратты сіңіріңіз. Мархабат!

Құрметпен,
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Кредитті қалай жапқан тиімді?

Бұл енді дәстүрлі кредиттерге қатысты мәселе. Бір нәрсе анық — кез келген кредит бойынша алғашқы төлемдердің көп бөлігі ПАЙЫЗҒА кетеді. Осы нәрсені естен шығармау керек. Пайыз деп отырғанымыз — банктердің клиенттен көретін ПАЙДАСЫ.

Сонда банкке артық ақша төлемеудің қандай жолдары бар?

Ол өтеу әдісіне байланысты. Кредит (ипотека болсын, тұтынушылық несие болсын) рәсімделетін кезде банк менеджері клиентке сол екі әдісті ұсынуы керек. Ол — аннуитетті төлем және дифференциалды төлем (тең үлеспен қайтару).

“Қарызды осы екі әдістің қайсысымен қайтарасыз?” деп банк менеджері сұрауы керек. Сұрамаса, клиенттің өзі сұрау керек. Өйткені көп жағдайда банктер пайдасын ойлап, кредитті автоматты түрде аннуитетті төлеммен рәсімдей беруі мүмкін.

Иә, аннуитетті төлемде ай сайынғы төлем сомасы бірдей болады. Бір қарағанда, кредитті еңсеру жеңіл сияқты көрінеді. Графигі де көп бас қатырмайтындай…

Бірақ, бұл вариант ең алдымен банк үшін тиімді. Өйткені алынған қарызды максимал мерзімге созып, ай сайынғы төлемді азайтқан сізге ыңғайлы көрінгенімен, банк алғашқы уақытта сіздің төлемдерден тек өз процентін өндіреді. Негізгі қарызыңыз кейінге қала береді. Сол кезде сіз алғашқы айларда немесе жылдарда өз қарызыңыздан бұрын ең бірінші банк көретін пайданы қайтарасыз.

Ал, дифференциалды төлемде негізгі қарыз барлық айға тең бөлінеді. Әрине, ол кезде алғашқы айларда төлем сомасы көбірек шығады. Бірақ бұл вариантта алған қарызыңыз уақыт өткен сайын азая береді. Ол кезде клиент банкке аз пайыз төлейді.

Бұл, әрине, банктер үшін тиімсіз вариант. Сол себепті кредит рәсімдер кезде өзіңіз талап етпесеңіз, сұрамасаңыз, олар аннуитет-нұсқаны ұсына салуы мүмкін. Оларға — берген қарызды қайтармас бұрын алдымен процентін алып алған тиімді.

Егер сізге аннуитет-нұсқа тиімді болса, онда банкке көп/артық ақша төлемеу үшін ай сайынғы төлем сомасынан бөлек қосымша төлем жасауға тырысқан дұрыс. Мысалы, кредиттік төлеміңіз 100 мың теңге болса, үстіне тағы 30-50 мың қосып төлеңіз. Сол кезде кредиттің мерзімі де тез қысқарады, жалпы төленетін сома да азаяды.

Тағы бір нұсқасы — жылына бір мәрте үлкен көлемде ақша салу. Мысалы, ипотекаңыз бар делік. Жылына бір рет алатын бонусыңыз, я бір табысыңыз болуы мүмкін. Сол кезде бір мезетте (жылдың кез келген уақытында) 500 мың мен 1 млн аралығында ақша сала алсаңыз, онда кредит мерзімін әлдеқайда қысқарта аласыз. Яғни, кредиттен тез құтылуға мүмкіндік туады.

Бірақ, сол төлемнің пайызға емес, негізгі қарызға кетуін банкте тұрып қадағалаған дұрыс. Әйтпесе, қосымша төлем пайызды ғана жауып қалуы мүмкін. Оған жол бермеу керек.

https://t.me/qarzhylyq_sauat
«Ақ долларды» қабылдағаны үшін банктердің комиссия алуы заңды ма?

«Ақ доллар» деген не? Алдымен, осы сұрақты анықтап алайық.

Иә, қаржы нарығында мұндай ұғым бар. Бұл термин қағаз ақшалардың заттай күйіне және шығарылған уақытына қатысты қолданылады. Енді, әрине, аты айтып тұрғандай, бұл жерде мәселе — АҚШ доллары жайында болып отыр.

Кейбір елдерде ескі сериямен шығарылған немесе тозған купюралар қабылданбауы мүмкін. Бұл мәселе біздің елде де біраз көтерілді. Қазақстандықтар тарапынан арыз-шағым көбейгесін, Ұлттық банк уақытында өз позициясын беріп те үлгерді.

Не болып еді?

Қазақстан азаматтары былтыр жыл соңында екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттері 1996-2013 жылдар аралығында басылып шыққан долларларды қабылдамай жатыр деп шағым түсірген еді.

Осыған орай Ұлттық банк ол банкноталардың барлығы заңды төлем құралына жататынын кесіп айтты. Яғни, банктер де, айырбастау пункттері де шетелдік қағаз ақшалардың (доллар, еуро және т.б.) түр-түсі бүлінбеген, тозбаған, бүтін болса, ешқандай комиссия ұстамай, қабылдауға міндетті.

Қандай жағдайда комиссия белгіленеді?

Банктер кейбір кассалық қызметтер (мысалы, шот ашу, депозит қабылдау, ақша аудару) үшін өз бетінше комиссия белгілеуге құқылы.

Ал, егер айырбастау пункті шетелдік валюта үшін сізден комиссия сұраса немесе ақшаның шыққан жылына қарап айырбастаудан бас тартса, я болмаса негізсіз айырбастаудан бас тартса, онда өзіңіз тұрған қаладағы Ұлттық банктің филиалына шағым түсіруге болады.

Шағымға тиісті құжаттарды (чек, түбіртек, фото) қоса берген дұрыс. Сол кезде заңға сәйкес шаралар қолданылады. Сондықтан, қолыңыздағы ақшаның шыққан жылы маңызды емес. Маңыздысы — олардың бүтін әрі айналымға жарамды болуы. Осыны біліп жүріңіз.

@qarzhylyq_sauat
📢 Маңызды! Отбасы банк алдын ала және аралық заемдарды мерзімінен бұрын өтеу ережесін өзгертті

Ол өзгеріс 2 шілдеден бастап күшіне енеді.

Не өзгереді?

Егер сіз осындай заемды мерзімінен бұрын толық жапқыңыз келсе:

📍сол заемға байланысты депозиттегі жиналған ақшаның бәрі қарызды жабуға жұмсалады

📍тұрғын үй құрылысы жинағы туралы шарт міндетті түрде жабылады

📍жаңа заем алу үшін жаңа депозит ашу керек немесе бұрыннан бар, бірақ ескі заеммен байланысы жоқ депозитті пайдалану қажет.

Бұл клиенттерге қалай әсер етеді?

Егер сіздің алдын ала немесе аралық заемыңыз болса және оны 2 шілдеден кейін толық жауып тастағыңыз келсе:

– депозиттегі ақша қарызды жабуға кетеді;
– жинақ шартыңыз жабылады;
– жаңа заем үшін жаңа депозит ашу керек болады.

https://t.me/qarzhylyq_sauat
Бұрын автормен (анонимді) кері байланыс үшін арнайы БОТ қосулы болатын. Соңғы кезде ол бот істемейтінін жақында білдім. Кешірім сұраймын.

Осы олқылықты жойып, жаңа БОТ-ты іске қостым.

Авторға қояр сауал не айтар ұсыныңысыз болса, мархабат — жазыңыз!

Ол үшін мына адреске өтсеңіз жеткілікті — @QSauatKZ_Bot
«Amanat Drive»: мыңдаған адамның аманатын күл-талқан еткен пирамида

Бұл компанияны естуіңіз бар ма еді? Сұмдық схема құрған екен.

Жұртқа пайызсыз «рассрочка» ұсынып, көлік пен жылжымайтын мүлік алуға шақырған. Соған сенген 8 мыңнан астам салымшы 21 млрд теңгені компания шотына аударып жіберген.

«Amanat Drive» ақымақ емес екен. Қылмыстық жолмен алынған кірістің бәрін заңдастыру үшін өз бақылауындағы — «Алло, не керек», «i-m@rketing», «Gold SapaPremium» ЖШС секілді заңды тұлғаларды тартқан.

Бұл компаниялар жарнама, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығына талдау жүргізу секілді қызметтерді орындаған болып жалған «поставщиктің» рөлін атқарып шыққан. Сөйтіп, екіжақты келісімшарттар жасаған қаржы пирамидасы 1,8 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, сыртқа шығарып үлгерген дейді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Сол ақшаларға сосын компания қожайындары бірнеше жер үй, астанадан бірнеше пәтер, HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат көліктер сатып алған. Кейін бұлардың бәрі тәркіленіп кетпесі үшін айналасындағы сенімді адамдардың атына рәсімдеп отырған.

Пирамиданың бас ұйымдастырушысы қамауға алыныпты. Сот санкциясымен барлық мүлікке және шоттарға арест қойылған.

Тағы да еске сала кетейін, қандай да бір компанияға ақша салмас бұрын оны осы Телеграмның өзінде-ақ арнайы ботпен тексеріп алуға болады. Оның адресі міне — @BAIQApiramidaBOT.

Кім сізге ақша/пайда табудың оңай жолын ұсынады — күдіктену керек. Процентсіз қарыз, пайызсыз «рассрочка» дегендерді үйіп-төгіп уәде берген адам/компаниядан аулақ жүрген абзал. Кім көрінгенге сеніп, ақша ұстатып жіберетін әдеттен арылатын уақыт өтіп кетті, халайық. Оңай ақша мен көлкөсір табыс еш жерде жоқ. Бәрі алдайды. Бәріне сіздің ақшаңыз керек. Өзіңізді өзіңіз қорғамасаңыз, сізді аяп жатқан ешкім жоқ. Ойланыңыз.

https://t.me/qarzhylyq_sauat